Храпуновтан тәркіленген пәтерді сатып алған отбасы араша сұрады
Алматы қаласының бұрынғы әкімі, 17 жылға сырттай сотталған Виктор Храпуновтан тәркіленген пәтерді сатып алған алматылық отбасы БАҚ өкілдері мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
Букаевтар отбасының құқығын қорғап жүрген заңгер Жәнібек Башановтың айтуынша, бұл іске Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, атышулы Қайрат Құдайргеновтің де қатысы бар, деп хабарлайды
Заңгер Жәнібек Башановтың сөзінше, Қанат Букаев пен Марал Букаева 2020 жылы Дархан Өміралиев деген адамнан пәтер сатып алады. Кейін ол пәтердің бұрынғы иесінің үстінен іс қозғалып, соның кесірі бұларға тиеді.
«Алматы қаласы Медеу аудандық №2 соты 2023 жылдың 26 қыркүйегіндегі үкімімен ҰҚК департаменті басшысының бұрынғы орынбасары І.Өсеровті, Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Т.Мұқановты, мемлекеттік активтер басқармасының бұрынғы басшысы А.Құдайбергенованы кезінде Виктор Храпуновтан тәркіленген 5 пәтерді жеке меншігіне төмендетілген бағамен сатып алғаны үшін соттады. Кейін бұлар ол пәтерлерді нарық бағасымен сатып, айырмашылығынан табыс көрген. Оларды сол үшін соттап отыр. Ал оған мына отбасының қатысы қанша? Бұл отбасы – қарапайым отбасы. Олардың орнында кез келген қазақстандық болуы мүмкін. Өздерінің үш баласы бар. Бұл пәтер олардың жалғыз баспанасы», - деді заңгер.
Айтуынша, үш балалы отбасы 2020 жылы жалғыз баспанасын сатып, риелтор арқылы үлкен пәтер сатып алған.
«Бүкіл заң процедураларын сақтап, меншік құқығын тіркетеді. Оны жөндеуге де үлкен ақша салған. Осы пәтерде балаларымен бірге бақытты өмір сүреміз деп ойлаған. Бірақ олай болмай тұр.
Кейін пәтер Виктор Храпуновтан тәркіленген мүлік болып шығады. Аталған тұлғаларға қатысты сот қабылдаған үкім заңды екеніне күмәніміз жоқ. Адамдар қылмыстық әрекеті үшін жауапкершілік арқалау керек. Бірақ Букаевтар отбасының кінәсі қандай? Мен мынаған назар аударғым келеді. Аталған 5 пәтер тәркіленбеген, жай ғана мемлекет кірісіне берілген. Үкімде бұл мүліктің қандай норманың, қандай бабының негізінде мемлекет кірісіне берілгені көрсетілмеген. Заңгер ретінде осы жерін мен де түсіне алмай қойдым. Мен Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 118-бабын көрдім. Ол бапта істі қараудың қорытындысы бойынша мүлік заңды иесіне қайтарылу керек делінген. Бірақ заңды иелері осы адамдар болып тұр ғой. Олар пәтерді сатып алған келісім заңды. Олар пәтерді төмендетілген бағамен сатып алған жоқ қой. Олар бұл пәтерді нарық бағасына, заңды жолмен сатып алды. Ол шартты ешкім заңдық күші жоқ деп мойындаған жоқ. Соттың ондай шешімі жоқ. Сонда неге бұл пәтер сот үкімімен мемлекет кірісіне қайтарылады?» - дейді заңгер.
Жәнібек Башанов осы іс бойынша сотталған адамдар мемлекетке келтірген 819 млн теңге көлеміндегі шығынды өтеген.
«Соған қарамастан осындай үкім шығарған. Сонда мемлекет бір істен екі рет табыс тапқалы отыр ма? Мемлекетке мұның не керегі бар? Бұлардан тартып алған пәтерді тағы да саудаға қоймақшы ма? Осы жері түсініксіз. Біз сот тарапынан осындай заңсыздық көргендіктен қоғамды мәселеге назар аударуға үндейміз. Қазақстан Республикасының Президентін де Конституцияның кепілі ретінде осыған көңіл бөлуге шақырамыз. Бас прокурор мен Жоғары сот назар аударса екен. Қазір біз сотқа апелляциялық шағым түсірдік. Соттың бұл үкімінің Букаевтер отбасына қатысты тұсы күшін жояды деп үміттенеміз», - деді заңгер.
Соттың үкімі шыққанымен әзірге күшіне енбеген. Яғни, Букаевтар отбасы апелляциялық шағым түсіріп отыр. Отағасы Қанат Букаев пәтерді неше теңгеге сатып алғандарын, ол ақшаны қайдан алғандарын да айтып берді.
«Біз ол пәтерді 107 млн теңгеге алғанбыз. Пәтерді риелтор арқылы, krisha.kz сайтынан таптық. Александр деген риелтормен келісіп, сол арқылы Дархан Өміралиев дейтін иесімен кездестік. 2020 жылдың 27 сәуірінде нотаруиске барып, қағаздарды тіркеп, ақшасын төлеп, бәрін заңды түрде істедік. 107 млн теңгеге алғанбыз, 5 бөлмелі үй. Біз алғанда «черновая отделка» болды. Кейін бір жылдай жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Біз бұл пәтерге ақшаны 13 жыл бойы жинадық. Алматыда жылжымайтын мүлкіміз болған. Соны сатып, жетпегенін қарызға алдық. Өз жұмысымнан қарыз алғанмын. Оның үстіне несие де алдық. Достардан көмек сұрадық. Біз пәтеріміздің бұғаттауда тұрғанын да кездейсоқ білдік. Жұмысқа байланысты банктен несие алу үшін кепілге қоймақшы болдым. Сол кезде пәтерімді кепіл ретінде қолдана алмайтынымды білдім. Өйткені оған бұғаттау қойылған екен. Яғни, бұл мәселе жұмысыма да кедергі келтіріп жатыр. Алайын деген несиемді рәсімдей алмай қалдым.
Адал ашқаға сатып алған үйіңді біреудің тартып алуы оңай екен. Ондағы уәждері – «Храпуновтың пәтері болған». Мен Храпуновтан ештеңе сатып алған жоқпын. Пәтерді сатып алу келісімшарты заңды. Менен неге мемлекет заңды жолмен сатып алған үйімді тартып алмақшы?», - дейді Қанат Букаев.
Оның жұбайы Марал Букаева «үш баламен бірге баспанасыз қаламыз-ау» деген уайым жанын жегідей жеп бара жатқанын айтып, көзіне жас та алды.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз жария еткен «Еститін мемлекет» тұжырымына сүйене отырып, біздің Буакевтар отбасы сізге жеке өтініш жолдауға мәжбүр болып отыр. Өйткені сот жүйесі өкілдерінің әрекеттері біздің Конституциялық хақымызды, жеке баспаналы болу құқығымызды қамтамасыз ете алмайтын болып шықты. Қазір біздің отбасымыз күмәннің ортасында қалып барады. Елімізде әділдік бар екеніне сенбей бастадық. Сондықтан біздің Конституциялық хақымыздың кепілі ретінде сізге жүгініп отырмыз. Осы істі, Букаевтар отбасының ісін қарауыңызды сұраймыз. Заңды жолмен сатып алған пәтерімізді, жалғыз баспанамызды неге мемлекетке өткізіп беруіміз керектігін, не үшін кінәлі болғанымызды түсінбейміз», - деді ол.
Заңгер Жәнібек Башанов үкім шығарған судья іске немқұрайлы қарады деп ойлайтынын айтты.
«Менің ойымша Медеу аудандық №2 сотының судьясы мәселеге дұрыс назар аудармаған. Соның кесірінен осындай үкім шықты деп ойлаймыз. Сондықтан мәселеге қоғамның, Президенттің назар аударғаны керек болып тұр», - дейді заңгер.
Алматы қаласы әкімдігі мен Ұлттық қауіпсіздік департаментінің лауазымды тұлғаларының үстінен қозғалған атышулы іске Букаевтар отбасы да куәгер ретінде қатысқан екен.
«Бізді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеді. Бірақ істің басынан бастап аяғына дейін куәгер ретінде қатыстық. Өйткені, антикор қызметкерлері маған біз тұрып жатқан пәтер сот жүргізіп жатқан істің нысаны деп түсіндірді. Осы себеппен ғана біз сотта куәгер ретінде қатысып, сөз сөйледік. Иә, ол жерде сотталып жатқан адамдарға, В.Храпуновқа біздің де қандай да бір қатысымыз бар шығар дегенге саятын сұрақтар қойылды. Бірақ біз пәтерді нарық негізінде сатып алғанымыз туралы құжаттар көрсеткеннен кейін соттың күдігі қалмаған болатын», - дейді Қанат Букаев.
Әңгіме арасында заңгер де, ерлі-зайыптылар да бұларға пәтер сатқан Дархан Өміралиевтің Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайбергеновтің туған ағасы екенін айтты. Қанат Букаевтың айтуынша, пәтерді сатып алар кезде оның бұған дейін мемлекет меншігіне Виктор Храпуновтан қайтарылғанын білмеген.
«Маған пәтердің өз атында екенін көрсетті. Сату-сатып алу келісімшартын рәсімдеген нотариус те ешқандай заңсыздық байқаған жоқ. Ал Дархан Өміралиевтің пәтерді қалай меншіктегенін білмеймін. Ол көрсеткен құжатта бұл туралы нендей дерек болғаны есімде жоқ», - дейді отағасы.
Жәнібек Башановтың айтуынша, Дархан Өміралиев ол пәтерді заңсыз «схема» арқылы меншіктеген.
«Ол мәлімет сот үкімінде жазылған. Нақтысы қазір есімде жоқ. Қысқартып айтқанда, бір компания арқылы «схема» жасаған. Үшінші бір заңды тұлғадан сатып алған сияқты етіп құжат рәсімдеген», - дейді заңгер.
Түйіндесек, Букаевтар отбасы Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы шығарған үкімнің үстінен апелляциялық шағым түсіріп отыр. Одан нәтиже шықпаса, Конституциялық сотқа дейін жүгініп көрмекші.
«Әрі қарай азаматтық сотқа шығынды төлетіп алу талабымен жүгінуге болады. Өйткені отбасы пәтерден айырылып отыр. Әкімдік қызметкерлерінің ісі осындай болып отыр. Ол қызметкерлерінің заңсыз әрекеті үшін жұмыс беруші жауап береді. Яғни, әкімдіктің үстінен осындай талап түсіруге болады. Бірақ бұл теориялық мүмкіндік қана. Одан кейін Конституциялық сотқа жүгінуге болады. Біз сот үкімінде нақты норма көрсетілмегенімен, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 118-бабы деп топшылап отырмыз. Осы норма Конституцияға сай емес деген шағым түсіруге мүмкіндік бар», - дейді Жәнібек Башанов.