Ысырапшылдықты тыюдың батыл қадамы
Ұлы Абай осыдан бір жарым ғасырдай бұрын өскелең ұрпаққа өсиет ретінде сақтандыра айтып кеткен бес дұшпанның бірі – бекер малшашпақ һәм ысырапшылдықтан әлі күнге арыла алмай келе жатырмыз. Осы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұдайы назар аударып, халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін алға қойып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Премьер-министр Олжас Бектенов 9 ақпанда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру мәселелері жөнінде өткізген кеңесте бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керектігін айта келіп: «Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына тексеру жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуға тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», деп нақты тапсырма берді. Ал 20 ақпанда болған Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында өнімсіз позицияларды анықтау үшін жүргізілген қосымша тексеріс нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қаражат оңтайландыруға ұсынылатындығын баяндады. Осыншама қаржы мемлекеттік органдардың форумдар өткізуге, әлеуметтік зерттеулер жүргізуге, іссапарларға шығуға арналған әкімшілік шығыстарын қысқарту, әкімшілік ғимараттар салу, жөндеу жұмыстары сияқты аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау есебінен үнемделгелі отыр. Оның бәрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын және экономиканың негізгі секторларын қаржыландыруға бағытталмақшы.
Салыстырып қарасақ, 300 млрд теңгеден астам қаражат Абай және Солтүстік Қазақстан сияқты облыстардың жылдық бюджетіне жуық екен. Осылайша, ондаған жыл бойы триллиондаған теңге қаржы құмға сіңген судай болып, еш ізі қалмағаны өкінішті-ақ. Бұл жайлы алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары жыл сайын республикалық бюджет жобасын қараған кезде орынды дабыл қағып, бұрынғы Үкімет мүшелеріне өнімсіз шығындарды қысқарту туралы ұсынымдар жасағанымен, одан шығарылған нәтиже жоқтың қасы болғаны жадымызда. Енді көбінесе жоғары лауазымды шенеуніктердің тамыр-таныстарына бұйыратын мемлекеттік тапсырыс арқылы жүргізілетін құр даңғаза іс-шаралар мен көзге ұрып тұрған ащы шындықты «тұщытатын» әлеуметтік зерттеулерге, әкім мен министр ауысқан сайын олардың жұмыс кабинеттерін жөндеуге, олардағы жиһаздарды жаңалауға жұмсалатын мол қаржы ел игілігіне жаратылмақшы.
Әрине, еліміздегі ысырапшылдық мәселесі осымен түпкілікті шешімін тапты деуге әлі ерте. Мәселен, спорт саласындағы даңғойлық пен дарақылық тыйылмай тұр. Туризм және спорт министрлігінің өтінімі бойынша 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 3 жылда жоғары жетістіктер спортын дамытуға 266 млрд теңге бөлініп отырғандығы – соның айғағы. Бұл – әр жылға шаққанда шамамен 195 млн АҚШ долларына тең қаржы. Осы мәселе жөнінде Мәжіліс депутаты, белгілі тележурналист Нартай Сәрсенғалиев өткен жылдың соңында Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: «Қазақстанның спортына бөлінетін қаражат денсаулықтың емес, бәз біреулердің шексіз баюының кепіліндей көрінеді. Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлгенмен, жеткен жетістігіміз жоқтың қасы. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Ал жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар ғана бөлген Нидерланд 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Осы спортқа 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иемденді. Бұған жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11-орынмен оралғанымызды қосыңыз. Бұл – бір.
Екінші мәселе, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана Жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Салыстырып айтайын, Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін 15 спорт түріне ғана бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт түріне қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды. Біздікі не шашпалық? Қазақстан қазынадан ақша бөлетін 180 спорт түрінің ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг дегендер жүр. Осылардың атын ел енді естіп отырған шығар. Айтпақшы, Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін пилондағы спорт деген бір спорт түрі де бар. Оның не екенін білсеңіздер министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жағаларыңызды ұстайсыздар», дей келіп, кәсіби спорт клубтарына берілетін қаржыны шектеуді ұсыныпты.
Легионерлерді шақыруға жұмсалатын бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында футбол мен хоккей үшін кәсіпқой спорт ойындары клубтарын ұстауға мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаржы лимиттері 1,2 млрд теңгеден аспайтын сомада белгіленді. Федерациялармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде легионерлер санын төрт ойыншыдан екі ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды», деген екен.
Жаңа Үкімет бұрынғы Үкіметтің «мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлерін кезең-кезеңімен қысқарту» туралы ұсынысын қайта қарауы қажет сияқты. Осы орайда, тіпті ауылдары азып-тозып, тұрғындарының саны жылдан-жылға кеміп бара жатқан депрессивті Солтүстік Қазақстан облысының бюджетінен де жергілікті «Қызылжар» футбол клубына 1,2 млрд теңге бөлінгені қазір солтүстікқазақстандықтардың орынды наразылығын туғызып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл Қызылжар өңірінің шалғай шетіндегі, автожолдары шұрқ-тесік болып жатқан Тимирязев ауданының биылғы бюджетінен 3 еседен астам көп. Сондай-ақ бұрынғы Үкіметтің: «Федерациялармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде легионерлер санын төрт ойыншыдан екі ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды», дегені де бос сөз болып шықты. Себебі, жақында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары Футбол федерациясы жақында әрбір футбол командасына шеттен шақырылатын легионерлер санын 7-ден асырмау жөніндегі лимитті алып тастағанын жарыса жазды. «Жыртыл, қазақ, жыртыл!» дегеннің кері.