Жаңа кодексте су үнемдеуге ерекше екпін қойылды
Мәжілісте жаңа Су кодексінің жобасы таныстырылды. Жаңа Су кодексінің жобасы жекелеген ережелері елдің су саласына инвестициялар тартуды ынталандыруды және су ресурстарын қорғау мен пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдауды ескеріп отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Жаңа кодекстің жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибелер зерделеніп, еліміздің өңірлеріндегі жағдай зерттелді. Кодекстің мақсаты - экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және қолдау. Жаңа Кодексте басты назар елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталған. Жаңа Су кодексінің жобасы 6 бөлімнен, 14 тараудан және 121 баптан тұрады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданды. 20 жыл ішінде оған 272 өзгеріс енгізіліп, көптеген нормалар декларативті немесе оларды жүзеге асыру механизмі белгіленбеген. Бұдан басқа, гидротехникалық құрылыс қауіпсіздігі, суару және дренаж, ауыз сумен және сумен жабдықтау мәселелері шешілмеген», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
Оның айтуынша, жаңа Су кодексінің жобасында нормалар жүйеленген және декларативті қайталанатын нормалар жойылған.
Бірінші бөлімде мақсаттар мен міндеттер интеграцияланған басқаруды дамытуға, ресурстарды басқару мәселелерін шешуде жұртшылықты тартуға, саладағы ғылымды дамытуға, басқарудың экономикалық тетіктерін қолдануға, елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қызметті реттеуге, су үнемдеуді енгізуге, оның ішінде тазартылған сарқынды суларды пайдалануға бағытталған ережелермен толықтырылды.
«Қолданыстағы редакцияда болмағандықтан, жаңа Су кодексінде Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері (6-бап) және экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі тетіктер (7-бап) айқындалған», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, құжат жобасында су объектілерінің сарқылуын болдырмау үшін «Экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі. Қолданыстағы Су кодексінде «Экологиялық ағын» ұғымы және оның көлемін анықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы талаптар жоқ.
Сонымен қатар, судың көлеңкелі нарығын жою жөніндегі шараларды күшейту бөлігінде мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу жөніндегі талаптар күшейтілді. Бұдан басқа, Бассейндік кеңестердің рөлі мен мәртебесі жоғарылайды.
«Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу мәселелері жүйеленді. Атап айтқанда, заң деңгейінде су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ең аз мөлшері белгіленді (76-бап), сондай-ақ әкімдіктерге 2 жыл ішінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу талабы көзделген (120-бап). Қолданыстағы редакцияда мұндай нормалар қарастырылмаған», - деді Болат Бекнияз.
Кодекс жобасының маңызды құрамдас бөлігі – су үнемдеуді ынталандыру. Бірінші кезекте суды пайдалану лимиттері мен нормалары сияқты механизмдері пысықталған.
«Суды пайдалануға арналған барлық рұқсат беру құжаттары (арнайы су пайдалануға арналған рұқсаттар) суды алу мен ысырап ету көлемін қысқарту, айналымды немесе қайта сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен (кемінде бес жыл) көшу, қолда бар озық технологияларды енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары болған кезде суды пайдаланудың бекітілген нормалары мен лимиттері ескеріле отырып беріледі. Өтпелі ережелерде осы жоспарлар жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей әзірленуге тиіс деген шарт та көзделген.
Әрине, бұл механизм суды үнемдейтін технологияларды енгізуді талап ететін әкімшілік шара саналады. Бұл нарықта осындай жүйелерге сұраныс туғызуы керек және мультипликативті әсер ретінде біз ғылыми және жобалық ұйымдардың белсенді қатысуын күтеміз», - деді ол.