2027 жылы Астанада УЕФА-ның 51-құрылтайы өтеді
Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) 51-құрылтайы 2027 жылдың 4 наурызында Астанада өтеді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл шешім ұйымның мерейтойында, яғни 50-құрылтайында Брюссельде жарияланды.
Бельгия астанасында өткен құрылтайға Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория қатысты.
УЕФА құрылтайы – құрамына 55 ұлттық қауымдастық кіретін еуропалық футболдың ең жоғарғы басқару органы. Шара барысында еуропалық футболдың стратегиялық дамуын анықтайтын негізгі шешімдер қабылданады. Қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер қаралады, халықаралық жарыстарды өткізу мәселелері талқыланады.
ҚФФ мәліметінше, 51-құрылтай сайлау сипатында өтеді. Жиын барысында УЕФА президенті және ұйымның атқарушы комитет мүшелері сайланады.
«51-құрылтайды өткізу Қазақстанда өткен ең ірі халықаралық футбол шараларының бірі болады. Елдің еуропалық футбол қауымдастығындағы позициясын нығайтып, спорт саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді», деп хабарлады ҚФФ.