"Асланбек Шымбергеновке қиянат жасады". Қазақстан бокс федерациясы ХОК-қа ресми жүгінбек
Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындарының финалында қола медаль алған Асланбек Шымбергеновтың соңғы жекпе-жегіне қатысты Халықаралық олимпиада комитетіне ресми жүгініп, наразылық білдіретін болды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабар берді.
«Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі. Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың жартылай финал кездесуінде төрешілердің өте әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басым болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қарсыласының қолын көтерді… Халықаралық олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті» деп келтіреді бокс федерациясы президенті Кеңес Рақышевтің пікірін ұйымның Instagram парақшасы.
Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді.
«Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға „қызыл кілем“ төселді… ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылық пен шағым беруге болмайды. Қазақстан — бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын» деп атап өтті Кеңес Рақышев.