Футболдан бірінші лигада «Тұран» «Астана-2» командасын ойсырата жеңді
Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 26-турында Түркістанның «Тұраны» елордалық «Астана-2» командасын ойсырата жеңді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ҚазАқпарат жариялады.
Түркістандық клуб бірнеше тур бұрын Премьер-лигаға берілетін жолдаманы қалтаға басып үлгерді. Қазір турнир кестесінде екінші орында келеді. Соған қарамастан команда 26-турдағы ойында «Астана-2» командасын 8:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал Оралдың «Ақжайығы» турнир кестесінде төртінші орында тұр. Олар бүгін сырт алаңда «Түркістанды» 1:0 есебімен қапы қалдырды. Премьер-лига жолдамасынан әлі де үмітті. Десе де олар үшінші орындағы астаналық «Жеңістен» бес ұпайға қалып тұр. Қазір «Жеңісте» - 56, «Ақжайықта» - 51 ұпай бар.
Тағы бір кездесуде «Екібастұз» «Оңтүстік академиясын» 2:1 есебімен жеңіп кетті.
Енді 20 қазанда «Елімай» мен «Арыс», «Хан тәңірі» мен «Қыран», «Ақтөбе-2» мен «Қайрат-2», «Тараз» бен «Жас қыран» командалары кездеседі.