Мөлдір Әшірбекова – ММА чемпионы атанған алғашқы қазақ қызы
Аралас жекпе-жек шебері Мөлдір Әшірбекова тарихи жеңісті қанжығалады. Қазақ қызы MMA IMMAF бойынша елімізден шыққан тұңғыш чемпион атанды. Аралас жекпе-жектен әлем чемпионаты Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясының ұйымдастыруымен (IMMAF) Ташкентте (Өзбекстан) өтті. Спортшы қыз 74,8 келі салмақта өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Ширек финалда жерлесіміз анголалық Эсперанса Чилалды 17:5 есебімен жеңіп, жартылай финалда тағы бір анголалық Джорджина Людмиладан басым түсті (11:1). Ал финалдық айқаста мексикалық Мелисса Диас Мединамен кездесіп, қарсыласын тас-талқан етіп ұтты, есеп – 13:1.
«Мөлдір – Қазақстан тарихындағы тұңғыш чемпион. Тарихи жеңіс», деп жазды Қазақстанның аралас жекпе-жек федерациясының баспасөз қызметі.
Ташкенттегі турнир 4-10 қараша аралығында өтіп жатыр. Мөлдір Әшірбековадан бөлек қазақстандық Ерұлан Қабдолов (52,2 келі) та чемпион атанса, тағы алты спортшымыз күміс және қола медаль еншіледі.