Ролан Гаррос турнирі: KZ теннисшілердің қарсыластары анықталды
Парижде Франция ашық чемпионатында Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина бастаған қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 86-орында тұрған бельгиялық Гретье Минненмен шеберлік байқасады, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қос теннисші осыған дейін 2020 жылы Аустралия ашық чемпионаты мен Страсбургте (Франция) өзара кездесіп, екеуінде де Рыбакина басым түскен еді. Өткен жылы Е.Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына дейін жетіп, содан кейін денсаулығына байланысты испаниялық Сара Соррибес-Тормомен бәсекеге шығудан бас тартқан болатын.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 37-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингіде 35-сатыдағы америкалық, 2017 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы Слоан Стивенспен кортқа шығады. Биыл Ю.Путинцева С.Стивенсті Рим WTA 1000 жарысында 6:3, 6:2 есебімен жеңді.
Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды.
Әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко рейтингіде 82-орындағы ресейлік Аслан Карацевтан өтуге тырысып көреді.
Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында италиялық Франческо Маэстреллиді ұтса, негізгі жарысқа қосылады.
Сондай-ақ Ролан Гаррос додасында жұптық сында Анна Данилина мен Александр Недовесов бақ сынайды.
Франция ашық чемпионаты 26 мамырда басталып, 9 маусымда мәресіне жетеді.
А.Шевченко Женева (Швейцария) ATP 250 турнирінің ширек финалында италиялық Флавио Коболлиден жеңіліс тапты – 4:6, 4:6. Сөйтіп ол жартылай финалдан тыс қалды.