Спорт3 маусым 2024, 16:05

Рыбакина Токиодағы есесін қайтарып, ширек финалға шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина "Ролан Гаррос" турнирінің ширек финалына шықты. Қазақстанның көшбасшы теннисшісі төртінші айналымда Филипп Шатрье кортында дүниежүзілік рейтингіде 2017 жылы үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 19-сатыда тұрған украиналық Элина Свитолинаға қарсы келді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.  

Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде украиналық теннисші басым түскен еді. Соның ішінде Токио олимпиадасында қола жүлде үшін бәсекеде Свитолинаның бағы жанған-ды. Көп ұзамай басталатын Париж олимпиадасында да қос теннисші өз елдерінің намысын қорғауы тиіс.

Токиодан кейін белгілі франциялық теннисші Гаэль Монфиске тұрмысқа шығып, сәбилі болып үлгерген Э.Свитолина кортқа бір жылдай бұрын оралған еді.

Бұл жолы спортшылар матчты брейк алмасумен бастады. Есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина тағы бір брейкпен алға шықты – 4:2. Содан кейін сетке доп бергенде, сәтті ойнады – 6:4.

Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Есепті 4:1-ге жеткізгенімен, Свитолина да барынша тырысып бақты – 3:4. Дегенмен Рыбакина матчты брейкпен түйіндеді – 6:3.

1 сағат 9 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Свитолина 5 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, италиялық Ясмине Паолини немесе рейтингіде 70-орындағы ресейлік Элина Аванесянның қай жеңгенімен шеберлік таластырады.

Елена Рыбакина Ролан Гаррос ширек финал

Тақырыпқа жаңалықтар