Серік Жараспаев: Қазақстан қоржынында 26 жолдама ғана бар, бұл тым аз
Биыл Франция төрінде алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қазіргі таңда Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрі бойынша 26 лицензия алып үлгерді. Бүгінгі күнге дейін ел қоржынында спорттың 9 түрінен 24 спортшы 26 жолдамаға қол жеткізген. Садақ атудан – 4, тас жолдағы велоспорттан – 3, нысана көздеуден – 5, қазіргі бессайыстан – 2, бокстан – 7, грек-рим күресінен – 1, еркін күрестен – 1, спорттық гимнастикадан – 1, таеквандодан 2 жолдама бар, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Жолдама алған барлық спортшы керекті медикаменттермен, дәрігер-массажистермен қамтамасыз етілді. Психолог, нутрицологтар спортшылармен етене жұмыс істеп жатыр. Барлық жолдамаға қол жеткізген спортшы төртжылдықтың басты додасына барынша жоғары деңгейде дайындалу үшін барлық мүмкіндікті қарастырып, барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Әр спортшы арнайы белгіленген бағдарламалар бойынша жұмыс істеуде», - деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев.
Олимпиада ойындары жақындап қалғанын, лицензиялар саны әлі көңіл көншітпей жатқанын да тілге тиек етті.
«Олимпиадаға төрт-ақ айдай уақыт қалды. Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында 26 жолдама ғана бар. Бұл әрине, тым аз. Көңіл көншітпейді. Париж Олимпиадасына лицензиялық және рейтингілік турнирлер 1 ай қалғанда аяқталады. Сондықтан барынша жолдама сарапқа салынатын додаларда бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Алда әлі 63 лицензиялық және рейтингілік турнир бар. Біздің мақсатымыз осы аталған турнирлерде сәтті өнер көрсетіп, 20-25 спорт түрінен 80-ге жуық лицензия иелену», - деп атап өтті Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев.
Естеріңізге сала кетейік, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.