Спорт1 қазан 2023, 12:02

Жекпе-жек: Альварес абсолютті чемпион атағын қорғап қалды

Мексикалық Сауль Альварес Америка өкілі Джермелл Чарлоны жеңіп, әлемнің абсолютті чемпионы атағын үшінші рет қорғап қалды, - деп хабарлайды Arbat.media.

.Бұл туралы «Шредингер спорты» Telegram-арнасы хабарлайды.

Бокс тарихында алғаш рет әлемнің екі абсолютті чемпионы арасында жекпе-жек өтті. «Канело» екінші орта салмақта төрт белдіктің иегері, ал Чарлоға бірінші орта салмақтағы WBA, WBC, WBO және IBF титулдары тиесілі.

Бүгінгі жекпе-жекте С.Альвареске тиесілі титулдар бәске тігілді. Сол үшін Д.Чарло екі салмақ санатына көтерілді – 69,8 келіден 76,2 келіге дейін.

Кездесу жоспарланған барлық 12 раундқа жалғасты және төрешілердің бірауызды шешімімен «Канелоның» пайдасына аяқталды. Жетінші раундта мексикалық боксшы қарсыласын нокдаунға жібергенімен, Д.Чарло соңына дейін берілмеді.

33 жастағы Сауль Альварес кәсіпқой рингте 60-шы рет (39 нокаут) жеңіске жетіп отыр. Мансабында екі рет жеңіліс тауып, екі рет тең нәтиже тіркелген.

Джермелл Чарлоның да жасы 33-те. Ол 2022 жылдың 14 мамырынан рингке шықпаған болатын. Бұл күні аргентиналық Брайан Кастаньоны нокаутқа жіберіп, бірінші орта салмақтағы (69,8 кг) абсолютті әлем чемпионы атанды. Чарло еншісінде – 35 жеңіс (19 нокаут), екі жеңіліс, бір тең нәтиже бар.

Сауль Альварес Джермелл Чарло Жекпе-жек абсолютті чемпион

Тақырыпқа жаңалықтар