Қазақстан жаңалықтары17 қазан 2023, 20:31

Әр облыста балаларды психологиялық қолдау орталықтары ашылады

2025 жылға дейін әр облыста Балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтары ашылады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты.

«Қазірдің өзінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқықбұзушылық төмендегені байқалады. Дегенмен, бұл мәселеде жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша полицияға 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әкімшілік қамауға алынғандар саны 2 есеге көбейді. Өңірлерде отбасыға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылды. Онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі», - деді Ә. Смайылов

Алайда Үкімет басшысы бұл орталықтардың жеткіліксіз екенін айтты. Алдағы 3 жылда қосымша осындай 97 орталық ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта олардың қызметін жүйеге келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Бұл орталықтарды тиісті кадрлармен қамту мәселесін де шешу қажет. Талдау көрсеткендей, тұрмыстық құқықбұзушылықтардың жартысы мас күйде жасалады. Ішімдік ішкен бұзақылар үшін Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары мен Әкімшілік қамауға алынғандарды арнайы қабылдау орындары жұмыс істейді. Бірақ, онда да орын тапшылығы бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейді», - деді премьер-министр.

Ә. Смайылов Оқу-ағарту министрлігіне 2025 жылға дейін әр облыста Балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Өңір әкімдіктері Мәдениет, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірге жаңа Отбасын қолдау орталықтарын, сондай-ақ наркологиялық мекемелерді ашуды қамтамасыз етуі қажет.

«Денсаулық сақтау министрлігі психотерапевтер мен наркологтарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесін пысықтауы керек. Ал Ішкі істер, Мәдениет министрліктері тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты түзетулерді ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруы қажет», - деді Ә. Смайылов.

облыстар аймақтар психологиялық орталық Үкімет

Тақырыпқа жаңалықтар