Қазақстан жаңалықтары1 қараша 2023, 16:48

АрселорМиттал жылына 200 млрд теңге табыс тауып отырған

Мәжіліс депутаттары Костенко шахтасында қайғылы оқиға бойынша арнайы сауал жолдады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Костенко» шахтасындағы қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқын дүр сілкіндірді. Біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің атынан әрбір отбасына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Бұл жағдай «Казахстанская» шахтасындағы апаттан 2 ай өткеннен кейін болып отыр. Мұндай жазатайым оқиғалар өз қызметкерлеріне жауапсыздықпен қарау салдарынан болғаны айқын. Осындай жазатайым оқиғалардың барлығы компанияның осы жылдар бойы, шын мәнінде, қазақстандық кеншілердің маңдай тер мен адал еңбегінің арқасында ақша тапқанын көрсетуде», - деді Мәжіліс депутаты Арман Қалықов.

Оның айтуынша, АрселорМиттал бәріне үнемдеп келген.

«Соңғы төрт жылдағы ресми мәлімет бойынша, бұл компания жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған, оның басым бөлігін шетелге шығарған. Жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген. Нәтижесінде, осы жылдың өзінде екі апаттық жағдай болды, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалды», - дейді ол.

Сондай-ақ халық қалаулысы қазір Президент бірден-бір дұрыс шешім қабылдағанын айтты. Ол – «Арселормитталмен» ынтымақтастықтың тоқталатыны.

«Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырмыз. Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырлыққа шақырғым келеді», - дейді А.Қалықов.

Оның айтуынша, осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Осы трагедиядан кейін кәсіпорынды өз бетінше дамытуға кәсіби кадрлар жеткілікті.

«Қарағанды көмір бассейні мен болат балқыту комбинатының стратегиялық объектілер екенін түсінеміз. Он мыңдаған адамның тағдыры солармен байланысты. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Рудный қалаларын ешкім тастап кетпейді», - деп қорытындылады депутат.

АрселорМиттал жылдық табыс Костенко шахтасы Арман Қалықов

Тақырыпқа жаңалықтар