Қазақстан жаңалықтары26 қазан 2023, 12:50

Астанада Қайрат Боранбаевтың немере інісі сотталды

Елорда соты Қайрат Боранбаевтың немере інісіне 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жариялады.

2023 жылғы 19 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Б-ның (Әбілхан Боранбаев) лауазымды тұлғаларға пара беру фактісі бойынша (Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі) және Қ-ның құқық қорғау органының лауазымды қызметкері бола тұра пара алу фактісі бойынша (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2) тармағы) қатысты қылмыстық іс қозғады.

Б. аға жедел уәкілі Қ. мен Ш.-ға (тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды) жалпы сомасы 1,6 млн теңгеден астам пара берген деген айып тағылып отыр. Өз кезегінде Қ. және Ш., адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы пара алған.

Прокурор айыптауды қолдап, сотталушыға Б.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге, ал сотталушы Қ.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал қорғаушы тарап Б. және Қ.-ға Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігіне сәйкес айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

«Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, банктік мәліметтерімен, бетпе-бет кездестірулермен, сараптамалардың қорытындыларымен, бейнекамера жазбаларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді», - дейді қалалық соттан.

Сот Б.-ның 4 жас баласы барын, кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуге белсенді ықпал еткенін, ал Қ.-ның 3 жас баласының барын, кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін жағдай ретінде таныды. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жай анықталған жоқ.

Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі сәйкес мүлік тәркіленіп, лауазымды қызмет немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30-дан 40 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

«Сот үкімімен Б. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал Қ. Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - делінген қалалық соттың хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қайрат Боранбаев немере інісі сот Астана

Тақырыпқа жаңалықтар