Қазақстан жаңалықтары18 маусым 2024, 20:52

Асырап алған балаларын қорлаған емші жазаланбайтын болды

Шымкентте қамқорлығына және асырап алған балаларына қорлық көрсетті деген емшіге қатысты іске нүкте қойылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында У.Смановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау), Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтары (Қинау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы өтініш хатымен келіп түскен қылмыстық істі қарады.

Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, У.Сманов созылмалы және психикалық аурумен ауырады және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болған. Яғни, Қылмыстық кодекстің 16-бабына сәйкес (Есi дұрыс еместiк) қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

«Ұ.Сманов Қылмыстық кодекстің 16-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалсын», - деді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасының міндетін атқарушы Болат Қарабаев.

Бұдан өзге жабық сот отырысында Оқу-ағарту министрлігіне, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ Шымкент қалалық Полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына беру фактісі бойынша жеке қаулы шығарылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз. Кейінірек емші туралы тың дерек шықты.

Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

Бұдан өзге Kazinform редакциясына емші асырап алған балалар туралы тың дерек келіп түсті. Ондағы мәліметте бүлдіршіндердің бірі аталған отбасыға небәрі 1,5 айлығында қамқорлыққа берілгені көрсетілген. Қамқорлыққа берілген балалардың арасында үш айлық егіздер де бар.

Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұратыны белгілі болды. Ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жиен немересі асырауға қалай берілгенін айтып берді.

Астана қалалық Білім басқармасына емшінің қамқорлығына берілген егіз балалар елордаға қайтарылатынын айтты.

Қоғамдық резонанс тудырған іс сотқа келіп түсті.

Көп ұзамай асырап алған балаларын қорлады деген айып тағылып отырған емшінің ісін қарайтын судья белгілі болды.

ІІМ асырап алған алты баланы азаптады деген күдікке ілінген емшінің мамандандырылған ауруханада жатқанын айтты.

Ал Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті шымкенттік емші ақыл-есі сау деген құжат өткізгенін мәлімдеді.

Бүгін өтіп жатқан сот пройесіндегі білім басқармасының маманы емшінің осыдан 31 жыл бұрын адам өлтіргенін айтты.

Асырап алған балаларын қорлаған емшінің 31 жыл бұрын адам өлтіргені расталды.

Емшінің адвокатының айтуынша, ол психикалық ауытқуына байланысты 1995 жылдан бері есепте тұрған.

 

Шымкент емші асырап алған балалар сот

Тақырыпқа жаңалықтар