Placeholder
Фото:freepik.com
freepik.com
Қазақстан жаңалықтары2 қазан 2024, 9:45

Екібастұзда екі студентті әлдебіреулер аяусыз ұрып-соққан

Екібастұзда 2007 және 2008 жылғы екі студент аяусыз соққыға жығылды. Қазіргі уақытта олар жергілікті аурухананың жансақтау бөлімшесінде жатыр. Бұл туралы Instagram-да зардап шеккен жігіттердің бірінің туысқаны айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Біз менің жиенім мен оның досын №21 мектептің жанынан, жартылай есінен танып жатқан жерінен таптық. Оларды 29 қыркүйек күні кешкілік әлдебіреулер аяусыз соққыға жыққан. Бұл қылмысты жасаған күдіктілерді көзі шалғандар болса, хабарласуды өтінеміз», деп жазды туысы, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Павлодар облысының білім беру басқармасы зардап шеккен қос студенттің Екібастұздағы колледжде оқитынын растады. Олар қалалық ауруханаға жеткізілген.

Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі қос кәмелетке толмаған азаматтың денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Соққыға жығылғанның бірі Екібастұзға қарасты Солнечный кенті әкімінің ұлы екені анықталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, екі студент де бастарынан қатты соққы алған. 2008 жылғы азаматта ашық бас сүйек-ми жарақаты бар, жақ сүйектері сынған. Бұған қоса кеуде тұсында, бетінде жарақаттары бар. Жағдайы тұрақты ауыр. Қазір ол Екібастұз қалалық ауруханасының жансақтау бөлімшесінде жатыр.

Ал 2007 жылғы бозбала аталған аурухананың жарақат аурулар бөлімшесіне орналастырылған. Одан жабық бас сүйек-ми жарақаты анықталды. Миы шайқалып, көзіне зақым келген.

 

 

Екібастұз Студент Төбелес

Тақырыпқа жаңалықтар