Қазақстан жаңалықтары12 мамыр 2024, 11:23

Елімізде клиникалық зерттеулер үшін еріктілер пулы құрылады

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда клиникалық зерттеулер саласын дамыту жоспары туралы хабарлады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Қазақстанның заңнамалық базасында клиникалық зерттеулер жүргізу үшін қажетті рұқсат беру шаралары бар екеніне қарамастан, клиникалық зерттеулер процесін оңтайландыру үшін ұлттық нормативтік-құқықтық актілерді ЕАЭО (Еуразия экономикалық одақ) реттеуші құжаттарымен үйлестіру талап етіледі. Жоғары сапалы, этикалық және инновациялық клиникалық зерттеулерді ұсына отырып, пациенттердің денсаулық сақтаудың озық технологияларына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медицина ғылымы мен практикасын жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасында клиникалық зерттеулерді дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған ұлттық стратегиясы әзірленіп жатыр. Бұл стратегия мүдделі тараптармен ашық алаңдарда талқыланады», - дейді министрлік өкілі.

Ұлттық стратегияны іске асыру мерзімі – 2024 жылдың үшінші тоқсаны.

Мақсат – денсаулық сақтау саласындағы зерттеулердің бәсекеге қабілетті экожүйесін дамытуға ықпал етуге арналған отандық биомедициналық зерттеулерді ілгерілету үшін ғылыми ақпараттық алаңға айналатын, ұлттық ғылыми платформаны әзірлеу бойынша іс-шаралар жүргізу. Платформада елімізде клиникалық зерттеулерді тиімді басқару мақсатында құрылған 4 тізілім орналастырылады:

– Клиникалық зерттеулер тізілімі ғылыми зерттеулерді басқару процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді;

– Зерттеушілер тізілімі ел аумағында клиникалық зерттеулерді іске асыратын қазақстандық зерттеушілер бойынша деректерді қамтиды. Тізілім әлеуетті кадрларды іздеуге және Қазақстанның клиникалық зерттеушілер пулын есепке алуға арналған;

– Клиникалық базалар тізілімі еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдары бойынша деректерді қамтиды, олардың негізінде клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Тізілім саланың зерттеулерді (инфрақұрылымды) іске асыруға дайындығын бағалауға және олардың әлеуетін зерделеуге, клиникалық базаларды есепке алуға мүмкіндік береді;

– Еріктілер тізілімі клиникалық зерттеулерге қатысу үшін әлеуетті еріктілер пулын құруға арналған. Зерттеуге қатысуға ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматы кандидатурасын осы тізілімге енгізуге сұрау салып, оны кейіннен қайтара алады.

«Зерттеулерге қатысты мәселенің бірі жүргізіліп жатқан зерттеулер мен олардың нәтижелері туралы егжей-тегжейлі әрі толық көлемді мәліметтер базасының болмауы. Бұл жағдай Қазақстан аумағында жүргізілген бірқатар биомедициналық зерттеудің осы тізілімнен тыс қалуына алып келеді. Ұлттық ғылыми платформаны әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, оның негізгі мақсаты – елімізде биомедициналық зерттеулерді ілгерілету үшін ғылыми ақпараттық алаңды қалыптастыру. Онда төрт тізілім орналастырылады, яғни, клиникалық зерттеулер, зерттеушілер, клиникалық базалар және еріктілер», - дейді министрліктен.

клиникалық зерттеу еріктілер пулы ДСМ

Тақырыпқа жаңалықтар