Еңбек нарығында қай мамандықтарға сұраныс жоғары
Қазір еліміздің еңбек нарығында қай мамандықтарға сұраныс жоғары? Қазіргі кезде Enbek.kz платформасында (портал) 55 мыңға жуық бос жұмыс орны орналастырылған. Оның ішінде ең үлкен сұранысқа ие білім беру саласында - 8,9 мың адамды, біліктілікті талап етпейтін салаларда – 8,4 мың адамды, өндіріс саласында – 6,8 мың адамды, медицина саласында – 4,7 мың адамды құрады. Сондай-ақ жұмыс күшіне сұраныс cолтүстік өңірлерде 9,1 мың адамды, орталық және шығыс өңірлерде – 14,8 мың адамды, оңтүстік өңірлерде – 8,1 мың адамды, батыс өңірлерде – 7,8 мың адамды және мегополистік қалаларда 13,5 мың адамды құрап отыр», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі, деп хабарлайды Arbat.media.
Аталған порталда 245 мың түйіндеме орналастырылған. Соның арасында cолтүстік өңірлерден 20,6 мың адамнан, орталық және шығыс өңірлерде – 38,7 мың адамнан, оңтүстік өңірлерде – 72 мың адамнан, батыс өңірлерде – 61,3 мың адамнан, ал мегополистік қалаларда 53 мың адамнан келіп түсті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Осы орайда бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің санына қатысты теңгерімсіздік бар екені байқалып отыр. Сондықтан аталған портал жұмыс берушілер мен жұмыс іздеп жүргендер арасындағы ақпараттық алаң екенін ескере отырып, портал арқылы белсенді түрде өзара іс-қимыл жасап, тапшылық немесе жұмыссыздық мәселесін шешуге толық мүмкіндік бар», - дейді Еңбек министрлігі.