Қазақстан жаңалықтары15 қараша 2023, 15:54

Ерлан Саиров: Клебанов тәрізділердің мүддесі үшін кедейлерді қанау күпірлік

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс өкілі Ерлан Саиров қысы-жазы саяжайда тұратын адамдарды арнайы есепке алуды ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Үкімет «Тарифке инвестиция айырбас» принципін іске асырғанда халықтың қалтасы жұтаң екенін ескеруге тиіс. Тұрғын үй көмегі тоқсан сайын төленеді. Әрбір тоқсанға орташа есеппен 20 мың теңге. Оның өзін нағыз мұқтаж адамдар ала алмайды. Өйткені бұл өтемді алу үшін меншік үйің немесе мемлекеттен жалға алған үйің болу керек. Оның өзінде ондаған құжат толтыру қажет. Ең бастысы, үй-күйі жоқ, пәтер жалдап жүрген ондаған мың нағыз мұқтаж азаматқа мемлекет көмегінің жұрнағы да тимейді. Олар мемлекеттің есебінде мүлдем жоқ. Тарифтердің өсуінен қиналатын, өтемақыға зәру осы кісілер. Клебанов тәрізділердің бизнесі жүрмей қалады деп сіңір кедейлерді қанай беру күпірлік болады», - деді депутат.

Оның пайымынша, Үкімет «Тарифке инвестиция айырбас» реформасы кезінде мына мәселелерге назар аудару керек.

«Тарифтердің қымбаттауына байланысты төлемақының сомасын арттыру қажет. Бұл төлемақыны нағыз мұқтаж, қалада өзінің баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын азаматтардың алуына нормативтік тетіктер жасау керек. Баспанасы жоқ, пәтер жалдап жүрген азаматтарды статистика мәліметтеріне енгізіп, олардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жасайтын әдістеме енгізу қажет. Бүгінде пәтер жалдап, саяжайда тұрып жатқан азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік кепілдеме алатын жүйе жасау керек. Олар – біздің азаматтарымыз. Бұл азаматтар бір де бір статистика мәліметтеріне тіркелмеген. Яғни, ол адамдар мемлекеттің есебінде мүлдем жоқ. Оларға назар аудармау ертең әлеуметтік, саяси тәуекелге әкелуі ықтимал», - деді Ерлан Саиров.

Ерлан Саиров Клебанов кедейлер

Тақырыпқа жаңалықтар