Қазақстан жаңалықтары29 қазан 2023, 10:15

Газ, түтін байқалмады: Апаттан бірнеше минут бұрын шахтадан шыққан кенші

Газ, түтін байқалмады дейді ппаттан бірнеше минут бұрын шахтадан шыққан кенші, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жарылыс болардың алдында ғана кезекшілігін тапсырып, Костенко шахтасынан шығып үлгерген кеншілердің бірі Кazinform тілшісіне сұхбат беріп, апат болар алдында кеніште жағдай қандай болғанын мәлім етті.

«Барлығы әдеттегі қалпында болды. Газ, түтін шықты дейтіндей ешқандай ауытқу байқалмады, өрт те болған жоқ. Жігіттер ауысымды тапсырып, бірер минут сөйлесіп, үйімізге тарқастық. Ал басқа ауысым жігіттері жұмыстарына кірісті. Клетьке (шахтадан көтеретін жабдық) дейін әдеттегідей трамваймен бардық. Біз түнгі 02:23-те шахтадан шықтық, ал жарылыс 02:35-те болды. Яғни, біз клетьпен көтеріліп бара жатқан кезде жарылыс орын алды», - дейді Юрий Коренков.

Сондай-ақ Юрий оқиға орнында болып, тірі қалған әріптестері айтқан кейбір мәліметтермен бөлісті.

«Менің күйеу балам төртінші ауысымға кіріскен бетте жарылыс толқынына түсті. Ауыр соққыға ұшыраған екі жұмысшыны құтқарып қалды. Екеуіне де өзін-өзі құтқару құрылғысын кигізіп, аман алып қалған. Бірінің есімі Виктор Плотников, екіншісінің аты Юрий, фамилиясы есімде жоқ. Оларды звеношы Александр Александрович Кладько құтқарды. Виктор Плотников басын қатты соғып, қарақұсына зақым алған. Қазір ол Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада жатыр»,- деді ол.

Шахтердің айтуынша, жұмыс барысында жарылыс болатындай еш құрылғы сыр бермеген, тіпті қайғылы оқиғадан жарты сағат бұрын да.

«Мен желдету және қауіпсіздік техникасының тау-кен шеберімін, бұл лавада кезекшілікте болдым, өрт болатындай ешқандай себеп болған жоқ. Мұның қайдан шыққанын ешкім білмейді, құрылғылардағы көрсеткіштер қалыпты болды, бәрі аяқасты болды», - деп қосты кенші.

 

Костенко шахтасы Кенші әңгіме Апат

Тақырыпқа жаңалықтар