Қазақстан жаңалықтары27 қараша 2023, 19:49

Карантин: СҚО-ның төрт ауылында бруцеллез анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының төрт ауылында ірі қара малдан бруцеллез анықталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ветеринарлар бұл елдімекендерге шектеу шараларын енгізді, деп жариялады Kazinform.

СҚО ветеринария басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бруцеллезге 3 ауданның 4 ауылындағы мал шалдыққан, атап айтқанда Қызылжар ауданындағы Плоское, Аққайың ауданындағы Ленинское және Ақжар ауданындағы Үлгілі мен Тұғыржап ауылдарында анықталып отыр.

«Соңғы дерек қарашаның 13-і күні Ақжар ауданы Тұғыржап ауылындағы «Хиуа» шаруа қожалығында тіркелді. Бруцеллез ауруы 5 ірі қара малдан анықталды. Барлық мал сойылды. Қазіргі уақытта елді мекеннен ет және сүт өнімдерін сыртқа шығаруға шектеу қойылған», - дейді СҚО ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 223 ірі қарадан бруцеллез анықталса, өткен жылы ауырған 779 мал пышаққа ілікті. 

«Биыл Айыртау ауданында – 19, Ақжар ауданында - 76, Аққайың ауданында - 98, Қызылжар ауданында – 23, Уәлиханов ауданында – 7 бас ауру ірі қара мал жойылды. Қазіргі уақытта бруцеллезбен күрестің негізгі жолы – оны дер кезінде анықтап, ауру малды оқшаулап, көзін жою. Бұл қауіпті дерт, ауру малдан адамға жұғуы мүмкін. Бруцеллез жұқтырған мал іш тастайды, төлі өлі тууы мүмкін. Ауырғаны көп жағдайда білінбейді. Бұл дертпен төрт түліктің бәрі ауырғанымен, ол әсіресе қой ешкі, сиыр-шошқа арасында жиі таралады», - дейді Аманжол Нұртазин.

Бруцеллез СҚО карантин

Тақырыпқа жаңалықтар