Placeholder
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары11 қыркүйек 2024, 15:34

Көшпенділер ойындары: Америкалық кәсіби ковбойлар көкпарға қызығып отыр

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші күні де Қазақстанға берекелі болды. Ұлттық құрама байрақты бәсекенің бүгінгі нәтижесін алтын, күміс, қола медальмен аяқтады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Қазанат» ипподромына ағылған халықтың қарасы қалың. Көкпар десе делебесі қозып, атойлап кететін жұрттың бәрі осында, деп жазады КТК телеарнасы.

Жалпы тақым күші мен қол қайратын талап ететін осы жарыс түрінен іргелес жатқан елдерден бөлек, берісі Түркия, арысы Венгрия мен АҚШ сынға түсіп жатыр.

Әсіресе америкалықтарға этникалық спорт аса қызығушылық тудырған. Бүгін ол елдің кәсіби ковбойлары қазақтың әккі көкпаршыларына барынша қарсыластық етуге тырысты. Дегенмен кеше ғана Өзбекстанды ойсырата жеңген алаң иелері бүгін алыстан келген қонақтарға аракідік мүмкіндік беріп, серкені тақымға қысуға кедергі келтірмеді. Соның нәтижесінде АҚШ құрамасы алаңға әбден бойы үйретіп, мүмкіндікті мүлт жібермей, Қазақстанға төрт салым салды. Жалпы есеп 12-4 есебімен алаң қожайындарының пайдасына шешілді.

Лэдд Хауэлл, Көкпардан АҚШ құрамасының мүшесі:

— Қазақстан тарапы бізге жарысқа ат бергеніне ризамыз. Бұл әбден машықталған арғымақтар. Жалпы бүгін жақсы ойын болды. Қазақстан құрамасы үздіктердің бірі екеніне әрі мықты команда екеніне көзіміз жетті. Әлбетте, оларды финалда көреміз деген ойдамыз.

Ернат Мәлімбай, Көкпардан Қазақстан құрамасының мүшесі:

— Тартысты ойын болды. Жақсы, олар да ойынға үйреніп қалыпты. Енді, Алла қаласа, Ресеймен ойнаймыз ертең. 12-сі күні қырғыз ағайындармен финалда жолығамыз. Толық дайынбыз. Финалда күтесіздер, қазақ елі! Чемпион боламыз! Алтын болады!

Ұлттық құрама мүшелері жеке дара сында да жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, дәстүрлі садақ атудан «Қалқан» нысанасы бойынша өткен жарыста Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болса, Ербол Тапенов күміс жүлде иеленді.

Ал аударыспақтан 90 келі салмақта сынға түскен Есімхан Рахматіллә күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Сондай-ақ 100 келі салмақта Сырым Ізбасаров пен 100 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев алтын медальға қол жеткізді. Осылайша Ұлттық құрама спортшылары алты салмақ бойынша бес алтын мен бір күміске ие болды. Күні кеше жеңіс тұғырынан көрінген мергендер бүгін де аянып қалмады.

Жамбы ату спортының түрік стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қоланы Айтбек Сарыбай жеңіп алды.

көшпенділер ойындары ковбойлар көкпар

Тақырыпқа жаңалықтар