Қазақстан жаңалықтары1 ақпан 2024, 15:07

Майқайыңдағы апатта қаза тапқан құтқарушының қызы наразылық білдірді

Майқайыңдағы апатта қаза тапқан құтқарушының қызы өтемақының дұрыс төленбегеніне наразы, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады. 

Олег Тышкевич кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы (КӘАҚҚ РОШ) Павлодар филиалында 27 жыл еңбек еткен.  Құтқарушылар автобус құлаған ойықтағы топырақ арасынан 4 қаңтар күні 2 азаматтың мүрдесін алып шыққан еді. 

Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаза тапқан құтқарушылардың отбасына «Майқайыңалтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-нан 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетінін мәлім еткен болатын. 

Алайда марқұм Олег Тышкевичтің қызы Яна Осолодкова уәде етілген қаражаттың дұрыс бөлінбей отырғанына шағымданды. 

«Мен әкемнің кенеттен көз жұмғаны жайында көршілерімнен естідім, кәсіпорын бұл жайында хабарламады. Әкемді жер қойнына тапсырған соң бізді барлығы ұмытты. Ешкім байланыспайды, берген телефон нөмірлері жауап бермейді. Уәде етілген 4,5 млн теңге берілген жоқ. Тек «Майқайыңалтын» кенішінен 2 млн теңге көмек бөлінді. Маған тегін қызмет көрсететін психологтың көмегі қажет еді, ол да ұсынылмады. Қазір қызмет құны 20 мың теңге тұратын психотерапевтің қызметін пайдаланып отырмын. Әкемнің өлімінен соң жүйке жүйем бұзылып, депрессияға ұшырадым. Бұдан 1,5 жыл бұрын әкем екеуіміз анамды жоғалтып, қатты қиналған едік. Қазір қатты қамығу үстіндемін, не істеу керек екенін білмеймін. Әкемді жерлеу рәсіміне 1 млн теңгедей ақша кетті. Мен мәжбүрлі түрде Алматы қаласындағы ақылы клиникаға барып, 500 мың теңгеге емделдім. Белгілі себептерге байланысты қаңтар айында жұмыс істемедім. Жоғары тұрған органдардан ешбір қаржылай және моралдық көмек көре алмай отырмыз. Әкемнің өліміне кәсіпорын басшылығының немқұрайлығы себеп болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Майқайыңалтын» басшылығы бізбен хабарласуын өтінеміз. Ағамыз екеуіміз қиын жағдайда қалдық», - деп шағымданды марқұм құтқарушының қызы. 

Я. Осолодкованың шағымына орай Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі келесідей жауап берді:

«Қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайыңалтын» АҚ 2 млн теңге төледі, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы 500 АЕК немесе 1 млн 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті.  Сондай-ақ жерлеу рәсімдеріне 100 АЕК немесе 369 200 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге 94 АЕК немесе 347 000 теңге мөлшерінде төлем жасалды. 

Бұл төлемдерді мүрделері табылған 2 құтқарушының отбасылары алды. Осындай төлемдер жоғалған құтқарушыларды іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, олардың мүрдесі табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп танылса, қалған отбасыларға да тағайындалады. Сонымен қатар отбасыларға асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады (18 жасқа толғанға дейін отбасындағы әрбір кәмелетке толмаған адамға ай сайынғы төлем). 

Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен ғана шектеліп қалмайды. Жергілікті атқарушы орган Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайыңалтын» АҚ-нан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтауда. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есеге көп. Төлемдердің нақты сомалары іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланатын болады», - деп жауап берді әкімдіктен. 

Майқайың қаза тапқан қыз Наразылық

Тақырыпқа жаңалықтар