Placeholder
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары23 тамыз 2024, 12:00

МӘМС: Айлығы миллионнан асатындар көбірек жарна құюы мүмкін

Жалақысы миллионнан асатын қазақстандықтар енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзгелерден көбірек жарна құюы мүмкін. Бұған дейін 850 мың теңгеге дейін жалақы алатындар ай сайын табысының екі пайызы МӘМС-ке қалтқысыз жіберіп отырса, айлығы бұл сомадан асқандарға ереже жүрмейтін. Яғни шекті мөлшерден қанша артық алса да, сол 850 мыңның 2 пайызын ғана төлейтін, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Әбілқайыр Ысқақов, Қазақстанның әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма басшысы:

— Қазір министрлікте осы мәселе қарастырылып жатыр. Министрліктің тарапынан ұсыныс бар. Қор да өз есептерін берді. Болашақта, егер де басқа мемлекеттік органдар қолдайтын болса, заңдық бастама ретінде осы ұсыныс енгізіледі. 10 минималды айлықтан 50 минималды айлыққа дейін. 850 мың теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр.

Жалпы МӘМС жүйесінің жұмысына қазақстандықтардың көбі наразы. Е-petition ресми порталында жарияланған петиция соның дәлелі. Мұнда отандастырымыз жүйені реформалаудың негізгі үш тетігін көрсеткен. Соның бірі — кәсіпкерлердің жұмысы тұралап, тоқтап қалған кезде азаматты міндетті жарнадан босату. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы барлық талап пен шағым тек петицияға қажет 50 мың қол жиналғаннан кейін ғана қаралатынын айтты.

Әбілқайыр Ысқақов, Қазақстанның әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма басшысы:

— 50 мыңнан астам дауыс алатын болса, орталық мемлекеттік орган оны жұмысқа алады. Барлығы ашық түрде жарияланады. Жеке кәсіпкерлер, шағын орта бизнестің өкілдерінің өз құқықтары бар. Хабарламаны мемлекеттік кірістер органдарына жіберіп, мысалы, табыс көзі қазір болмаса, осы декларацияны тоқтатуға мүмкіндік бар.

МӘМС жалақы миллион жарна

Тақырыпқа жаңалықтар