Қазақстан жаңалықтары28 қаңтар 2024, 9:00

Павлодарда ерекше байқау басталды

Бұқар жырау музейі мектеп оқушыларының ұлттық киімге қызығушылығын арттыруға ден қойып отыр. Наурыз мейрамы қарсаңында қыз балалар арасында тақия тігуден ауқымды сайыс өткізілмек, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.

«Тақиялы қыз — трендте» атты тақия тігу өнері бойынша байқау өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр.

6-9 сынып оқушылары арасында өтетін байқауға Павлодар қаласындағы мектеп оқушылары қатыса алады.

«Ұл-қыздарымыздың арасында ұлттық киімдеріміз біртіндеп танылып келе жатыр. Қазір көпшілік тек той-томалақ пен мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де ұлттық мәнерде тігілген киімдерді кие бастаған. Ал қазақ қызының басына киілетін тақияның орны тіпті бөлек. Ертеде қыз бала өсе бастағаннан ата-анасы тақия кигізген. Оған небір салпыншақ, шашақтар, үкі тағып, зерлеген. Тақияның қадірін жас ұрпақ танып өсуі керек. Байқаудың негізгі мақсаты да сол, -дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Қайыров.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы турда қатысушылар арасынан бес үздік жұмыстың иегері іріктеледі.

Мектеп оқушылары қазақ қыздарының ұлттық бас киімі — тақияны өз қолдарымен тігіп әкеліп, оның жасалу жолдары мен тігу әдістерін, тақияның бүгінгі күндегі маңызын баяндауы тиіс.

Ал екінші кезеңге өткен қатысушылар тақияны дайын сұлбаларымен тігіп, әшекейлеп, қазылар алқасының алдында қорғайды

Жеңімпаз атанған оқушыға сыйлыққа смартфон берілмек.

Бұқар жырау музейі ұлттық киім тақия тігу сайыс

Тақырыпқа жаңалықтар