Placeholder Саран қаласының әкімі қызметінен босатылды
Фото: коллаж Kazinform
Kazinform

Саран қаласының әкімі қызметінен босатылды

Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылды. Ол жайлы Қарағанды облысының әкімдігінде мәлім етті. «Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының басшысы Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды. Қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқаратын болады», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Еркін Баулықов Саран қаласының әкімі лауазымына тағайындалғанына көп болған жоқ. Бұл қызметке ол 2023 жылғы 21 қыркүйекте кіріскен болатын, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Еркін Баулықов 2016 жылдан 2019 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде түрлі лауазымдар атқарды.

Сондай-ақ елордада ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінде еңбек етті. Содан кейін Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды.

2021 жылғы желтоқсаннан бастап осы тағайындауға дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары болды.

Осыған дейін Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына жаппай шағымдана бастағаны туралы жазған болатынбыз.

Қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында жағдайды түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады.

Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Комиссия құрамына энергия қадағалау саласының және тиісті органдардың өкілдері кірді. Алмасадам Сәтқалиев Сарандағы қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады.

Бүгін аппараттық жиналыста Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.

Еркін Баулықов Саран әкімі қызметтен кетті

Тақырыпқа жаңалықтар