Placeholder
Фото: ҚР Парламентінің Сенаты
QR Senat
Қазақстан жаңалықтары13 қыркүйек 2024, 10:54

Сенат Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы сауданы дамыту құжатын қабылдады

Сенаттың жалпы отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды. «Осы Келісім мемлекеттердің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік бойынша мәліметтерді электрондық алмасу арқылы кедендік бақылауды жүргізудің тиімділігін арттыру және мерзімдерін қысқарту мақсатында жасалды. Құжат аясында «жеңілдетілген кеден дәлізі» және «сауда операторлары» сияқты ұғымдар енгізіледі», - деді сенатор Бекбол Орынбасаров, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жеңілдетілген кеден дәлізі – мемлекеттер арасындағы саудада тасымалданатын тауарлар туралы алдын ала ақпарат алмасуға бағытталған электрондық жүйе, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Сауда операторлары – жеңілдетілген дәлізге қатысатын тауарлар мен көлік құралдары туралы сенімді ақпарат беретін өкілдер. Жеңілдетілген кеден дәлізі сауда операторларына сыртқы сауда операцияларын жеделдетуге және арзандатуға ықпал ететін бірқатар артықшылық ұсынады. Кедендік рәсімдеу шаралары жекелеген қозғалыс жолақтарын пайдалана отырып, оңтайландырылатын болады.

«Кедендік тексеру кеден заңнамасын бұзу қаупі анықталған жағдайларда ғана атқарылады. Келісім ратификацияланғаннан кейін, алты айлық пилоттық жоба жүзеге асырылады. Осы уақыт ішінде мүше мемлекеттердің кеден құрылымдары жаңа жүйенің барлық техникалық, әкімшілік және заңнамалық аспектілерін толық пысықтайды. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін ғана жүйе толық күшімен жұмыс істей бастайды. Кедендік рәсімдерді оңайлату Қазақстанға экономикалық тұрғыда алғанда айтарлықтай пайда әкеледі. Негізгі артықшылықтың бірі – тауарларды жеткізу мерзімінің қысқаруына және құнының төмендеуіне байланысты сауда көлемінің өсуі. Кеденде жүктерді өңдеу уақытын қысқарту логистикалық тізбектерді едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Қарастырылған механизмдер өз кезегінде тауарларды тасымалдау және сақтау шығындарының төмендеуіне әкеледі, бұл өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті етеді. Осылайша, кедендік рәсімдерді оңайлату – бизнес-процестерді жеңілдетіп қана қоймай, сауда мен инвестициялық ахуалды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды», - деді депутат.

Сенатор Нұрлан Бекеновтің сөзіне қарағанда, 2024 жылдың 8 айында Қазақстан Республикасының Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдермен сыртқы саудасының көлемі 10,4 млрд АҚШ долларын құрады, тауар айналымының 61 пайызы экспортқа (6,4 млрд АҚШ доллары) тиесілі болды.

сенат Түркі мемлекеттері ұйымы сауданы дамыту

Тақырыпқа жаңалықтар