Placeholder Тұрғындар: Экс-әкім Қызылағаш тасқынынан үйсіз қалғандарға арналған баспананы меншіктеп алды
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform
Kazinform

Тұрғындар: Экс-әкім Қызылағаш тасқынынан үйсіз қалғандарға арналған баспананы меншіктеп алды

Жетісу облысында 14 жыл бұрынғы су тасқынынан кейін салынған үйге қатысты дау шықты. Қызылағаштықтар бұрынғы әкім заңды белшеден басып, коммуналдық баспананы меншіктеп алды деп шағым жазған. 2010 жылы болған алапат апаттан кейін ауылда бой көтерген үйлердің 12-сі коммуналдық санатқа өткен. Соның бірі — С. Жайсанұлы көшесіндегі 6-үй. Пайдалануға берілгелі елді мекенге сырттан келетін жас мамандар тұрып келген. Алайда 2017 жылы бұл үйді шенеуніктің туысы жекешелендіріп алғанын айтады халық, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Біз әділеттікті қалаймыз. Жайсанұлы 6-дағы үйді ауылға қайтарсын. Жалған ақпарат беріп, сотты алдап, баспананы өзіне аударып алған. Сол үшін біз шулағанбыз. Ол құжаттарды қайталап жасап, апасының атына аударып алған», — дейді ауыл тұрғыны Сәуле Әмитова, - деп жазады Kazinform агенттігі.

2019 жылы тұрғындардың талабымен баспана нотариалды түрде мемлекет балансына қайтарылыпты.

«Дау болып жатқан Қызылағаш ауылы Жайсан көшесіндегі 6-үйде осыған дейін — 2010 жылы алғаш салық инспекторы Саян тұрды, одан кейін салық инспекторы Қалибеков Асхат тұрды. Кейін шамамен 2015-16 жылдары, нақтысын білмедім, округ әкімі апаратының бас маманы Самихов Айдар сонда орналасты. 2017 жылы сот шешімі арқылы Айдардың апасы Самихова Разияға жекеменшікке өтті. 2019 жылы ауыл тұрғындарының шағымынан соң Самихова нотариалды түрде округ әкімі аппаратының балансына қайтадан өткізіп берді. Сот шешімі болғандықтан, ол базада жаңағы азаматшаның атында көрсетіліп тұрды. Қазір сот процесі Самихова енді сол үйді қайта өзінің жеке меншігіне аудару туралы жүріп жатыр», — дейді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Нұрлан Досмақов.

Тұрғындардың сөзін қазіргі әкім растап отыр. Бұрын коммуналдық санаттағы үйдің қалай иесіз деп танылғанын, қандай жолмен жекешелендірілгенін білмеймін, бірақ сот шешімі бар дегенді айтты. Таласқа түскен үйдің тағдыры алдағы сот отырысында шешілмек.

Ал тұрғындарды алаңдатып отырған — 11 үйді жекешелендіру мәселесі. Көпбалалы ана Ақмарал Қабимулдинова 14 жыл бойы осы мәселені шеше алмай, табанынан тозғанын айтады:

«Мемлекет берген үйді бізге көпбалалы ана ретінде жекешелендіру — менің мәселем сол болып тұр. Үйді алғанымызға 15 жылға кетті. Апатта үйді берді оған ризамыз, бірақ үйдің құжаты жоқ үкіметтің балансында тұр. Бізге тегін берсін. Өтінішім осы. 12 үй бар ғой соны көп балалыларға мүгедектерге берсе ең болмаса. Жұмыс жасап алып жатқандарға да бере берсін олар мұнда 40 жыл жұмыс жасап өмір сүрген адамдар ғой».

«Ол үйлер осы Қызылағаш ауылдық округы әкімі апаратының мемлекеттік мекемесі теңгерімінде. 2023 жылдан бастап аталған азаматтармен келісімшарт жасалған. Бұл кісілердің сұрап отырғаны жекешелендіру ғой. Өзін-өзі басқару туралы заңның 35- бабына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің өкілеттіктері анықталған. Ол заңға сәйкес бұл кісілер жергілікті әкімдік приватизация жасауға құқы болмай тұр. Сол себепті ауылдық округ әкімдігі біздің бөлімнің теңгеріміне өткізу үшін құжаттарын жасап жатырмыз. Осы бөлімнің балансына теңгеріп алғаннан кейін бұл кісілерге жекешелендіруге мүмкіндік туады», — деп түсіндірді Ақсу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметов.

Алайда коммуналдық үйлер аудандық ТҮКШ бөліміне өткеннен кейін де жекешелендіру үшін қалдық құнымен сатылады. Оған тұрғындардың дені қаржылық жағдайымыз жоқ деп отыр.

Демек, Қызылағаштағы 14 жылға созылған баспана дауы әлі жалғасатын түрі бар.

Қызылағаш Экс-әкім Тасқын үйді меншіктеу

Тақырыпқа жаңалықтар