Қазақстан жаңалықтары25 қараша 2023, 13:00

Үш жылда 1300 км астам теміржол салынады

Орталық Азия аймағы бүгінде халықаралық көлік-транзит бағыттарын дамыту және әртараптандыру ісінде өте маңызды рөл атқарады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде айтты. 

Мемлекет басшысының айтуынша, СПЕКА елдері (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы) бүгінде шын мәнінде, Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көпірге айналды.

«Бұл – орасан зор мүмкіндік. Оны дамыта түсуіміз керек. Бұл ретте халықаралық Транскаспий көлік бағытын өркендетуге үлкен үміт артамыз. Орта дәлізді «Бір белдеу, бір жол» жобасымен, сондай-ақ Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) және Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың әлемдік саудаға мультипликативті әсері зор болатынына сенімдімін. Бұған қоса, Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту үшін белсенді ынтымақтастыққа дайын.

Соңғы 15 жылда еліміз көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Барлық серіктесті Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы мен ЭСКАТО тарапынан техникалық және сараптамалық тұрғыдан белсенді қолдау күтеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Орталық Азия Қасым-Жомарт Тоқаев Теміржол

Тақырыпқа жаңалықтар