Қазақстан жаңалықтары1 қаңтар 2024, 10:00

Жаңа реформалар, 20 млн халық - Президент 2023 жылды қорытындылады

2023 жыл - Қазақстан үшін табысы мен тауқыметі қатар келген жыл болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңажылдық бейнеқұттықтауында айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

“Қадірлі отандастар! Бәріміз бір ел болып, Жаңа жылды қарсы алып отырмыз. Баршамыз ескі жылды ой елегінен өткіземіз, алдағы жылға жоспар жасап, жаңа мақсат қоямыз. Біз осы сәтте бір-бірімізге ақ тілегімізді арнаймыз, сый-құрмет көрсетеміз. Қасиетті Отанымыздың берекелі бірлігі жұртымыздың осындай тату тірлігінен басталады”, - деді Президент құттықау лебізінде.

Мемлекет басшысы 2023 жылы Қазақстан үшін табысы мен тауқыметі қатар келгенін атап өтті.

“Өмірде қуаныш пен қиындықтың алма-кезек болуы – заңдылық. Бірақ, біз еңсемізді тік ұстап, келешекке әрдайым сеніммен қараймыз. Биыл жұртымыз Жаңа жылды көптен күткен жағымды жаңалықпен қарсы алуда. Жақында халқымыздың саны 20 миллионға жетті. Еліміз үшін бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Халық санының өсуі – мықты мемлекет болудың және өркендеудің кепілі. Ал, бақытты отбасы – бақуатты елдің арқауы”, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айтқандай, Қазақстан стратегиялық бағдары айқын ел ретінде тұрақты дамып келеді.

“Біз ынтымақ-бірліктің және қажырлы еңбектің арқасында ауқымды іс-шаралар атқардық. Жаңару мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жүзеге асырдық. Осылайша, мемлекеттігіміздің тұғырын бекемдей түстік. Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуды мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары деп жарияладық. Осы бағытта нақты шараларды қабылдауға кірістік. Білім беру және денсаулық сақтау саласында ауқымды жобаларды 
қолға алдық”, - деді Президент.

Еліміз әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көше бастады. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін аса маңызды қадам болды.

Шетелден миллиардтаған доллар инвестиция тартылды. Соның арқасында елге аса қажет өндірістер ашылды. Жұмыс орындары пайда болды.

Ел экономикасының басты қозғаушы күші ретінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілетін болды.

"Заңсыз алынған экономикалық активтерді елге қайтару жұмысы да жалғасуда. Мемлекетке қайтарылған қаржы көп ұзамай халықтың игілігіне жұмсалатын болды, яғни мектептер салына бастады. Жылдар бойы игерілмей келген миллиондаған гектар жер адал шаруаларға берілетін болды”, - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

20 млн халық реформалар преезидент Құттықтау

Тақырыпқа жаңалықтар