Жасөспірімді жезөкшелікке мәжбүрлеу: аумақ тәулік бойы күзетіледі
Қызылорда қаласында сыныптастарының мәжбүрлеуімен жезөкшелікпен айналысып жапа шеккен қыз баланың мекенжайы күзетпен қамтамасыз етілді. Бұл жөнінде агенттік тілшісіне Бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғанова айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Баланың қауіпсіздігін сақтау мақсатында полиция департаменті арқылы тәулік бойы үйінің аумағына күзет қызметі қойылды. Әрине, барлық іс-әрекеттер мен көмек анасының келісіміне және баланың қалауына сәйкес жасалады. Алдағы кезеңде де мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан барлық көмек уақтылы жасалады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмейді», - деді Ж. Тоғанова.
Жасөспірім толыққанды медициналық тексеруден өтіп, психолог тарапынан көмек алып жатыр.
«Оқиғадан кейін жасөспірімнің анасымен сөйлесіп, баламен кездестім. Оперативті түрде балаға медициналық және психологиялық көмек көрсету жұмыстарын жүргізуге жәрдем жасалды. Арнайы кездесу уақыттары белгіленді. Алайда, анасы тарапынан айтылған себептерге орай кездесу жиілігі сақталмады. Кейінгі уақытта бала психолог мамандардың үш рет қабылдауында болды. Мұнан кейін Денсаулық сақтау басқармасы орынбасарының көмегімен бала толыққанды медициналық тексерулерден өткізілді. Дәрігерлердің кеңесімен баланы ауруханаға жатқызу ұсынылғанымен, анасы келісім бермеу туралы қолхатын берді. Бұл ретте анасы сұраған қолайлы уақытта учаскелік дәрігерлерді үйге шақыру көмектері де ұйымдастырылды. Бала толыққанды дәрігерлердің бақылауына алынды», - деді Жақсыгүл Тоғанова.
Анасы уақтылы алған көмектің нәтижесінде баланың жағдайында оң өзгерістер барын мәлім еткен.
Еске салсақ, Қызылорда қаласында мектеп оқушылары «сыныптасын секс-құлдықта ұстады» деп күдікке ілінді.
Оқушы қыздың ата-анасы жағдайды қоғамдық қорға хабарлаған. Қызылорда полициясы күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Кейін күдікке ілінген мектеп оқушылары үйқамаққа ауыстырылды.
Сондай-ақ осы келеңсіздікке жол бергені үшін білім саласының бір топ қызметкері жұмысынан босатылды.