Қазақстан жаңалықтары3 наурыз 2024, 2:53

Жігіттің жүрегі ұстап, Оралға бет алған ұшақ Алматыға кері қонды

Бортта жас жігіттің жүрегі ұстап, Оралға бет алған ұшақ Алматыға кері қайтты. Оқиға 2 наурыз күні Алматыдан Оралға ұшқан Air Astana әуе компаниясының КС 881 рейсінде болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Ұшақ бортында болған жолаушы Үзілдік Елеубаеваның айтуынша, рейс Алматыдан күндізгі сағат 13.40-та көтерілген.

Алайда орта жолда жас жігіттің жүрегі ұстағандықтан, ұшақ кері ұшқан.

«Дәрігерлерден кім бар, жәрдем керек деп хабарлады. Сол кезде әйел дәрігер, тағы бір жігіт мықты көмектесті. Аузына да үріп жатты. Олар болмағанда «кетіп қалуы» мүмкін еді. Егетін дәрі, бәрі бортта болды. Науқастың қасында келіншегі бар екен, жылаған оны стюардессалар жұбатты. Өзі тар жерде өте қиын болды. Алматыға қонған кезде жігіт көзін ашты деді. Бәріміз соған қуандық. Науқасты алты адам көтеріп, жедел жәрдемге тапсырды. Ұшаққа жанар-жағар май құйғаннан кейін сағат 16.45 шамасында Оралға ұштық. Негізі, 17.02-де келуі керек еді, Оралға сағат 19.35-те қондық. Осындай оқиға басымыздан өтті. Алматыда қалған жігіттің сауығып кетуін тілейміз», деді Ү.Елеубаева.

Аталмыш әуе компаниясының баспасөз қызметі болған оқиғаны растап, науқас жолаушының Алматы әуежайында жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылғанын жеткізді.

 

орал Алматы Ұшақ жүрек ауруы

Тақырыпқа жаңалықтар