59 жастағы ер адам әйелге кектеніп, оның 5 жасар қызын ұрлап кеткен

28 тамыз 2026 17:30 / Мир

Дағыстанның Хив ауданында 59 жастағы жергілікті тұрғын 5 жасар қызды үйінен күш қолдану арқылы алып шығып, көлігімен орман шетіне барған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Ол баланы түні бойы пышақпен қорқытып ұстаған. Бұл туралы Дағыстанның Ішкі істер министрлігі мен прокуратурасы хабарлады.

Мәлімет бойынша, күдікті 44 жастағы қыздың анасымен көңіл жарастыруды қалаған. Әйелдің бас тартуынан кейін оған психологиялық қысым көрсету мақсатында қызын ұрлап кеткен деп болжанып отыр.

Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті мен қыздың орналасқан жері анықталып, бала босатылды. Ер адамды ұстау кезінде қызды өлтіремін деп қорқытып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Оның әрекетінен екі полиция қызметкері пышақ жарақатын алған.

Қыз аман-есен босатылып, күдікті ұсталды. Оқиғаға байланысты адам ұрлау, адам өлтіруге оқталу және билік өкілдеріне өміріне қауіп төндіретін күш қолдану баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Серіктес жаңалықтары