«Руың кім?» киносы прокаттан алынды
10 желтоқсанда көрсетілімге шыққан «Руың кім?» комедиясы прокаттан алынды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Tiger Films продюсерлік орталығының ресми хабарламасына сәйкес, фильм 18 желтоқсаннан кейін кинотеатрларда көрсетілмейді.
Қайрат Әділгерейдің айтуынша, кино рулық қақтығысты қоздыруы мүмкін деген қауіп бар.
«Біреулердің ойынша, кино рулық араздық тудырып жатыр екен. Негізі шын мәнінде, руға бөлінбейік, тату болайық деп бірлікке шақыратын кино. Тизерлерге қарап кейбіреулер дұрыс түсінбей жатыр. Сондықтан барып, бастан-аяқ қараған дұрыс. Киноны толық көрмейінше, қандай месседж бар екенін білмейді», - деді актер.
Фильмнің сценарийін жазған Нұржан Еркінұлының айтуынша, туындының прокаттан алынып тасталуына цензура әсер еткен болуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ру атауын брендке айналдыруға қарсы пікір білдірді. Оның айтуынша, кейбір контент жасаушылар мен кәсіпкерлер рушылдықты насихаттап, күнделікті киім-кешекке ру атауын жазып, оны «бренд» не «маркетингтік өнім» ретінде сатуды көбейткен.