Сенат депутаты: Президенттің жаңа министрлік құру бастамасы уақыт талабына сай шешім
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар жаңа бастамаларды жариялады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Президент елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажеттігін атап өтіп, бұл қадам цифрландыруды жеделдетіп, экономиканы жаңа деңгейге көтеруге бағытталатынын айтты. Осы орайда, Сенат депутаты Геннадий Шиповских аталған бастаманың маңызы жөнінде өз пікірін білдірді
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөніндегі ұсынысты қалай бағалайсыз?
– Президенттің осындай біртұтас басқармалық шешім ұсынуы уақыт талабынан туындаған логикалық әрі стратегиялық қадам деп есептеймін.Қазіргі әлемде жасанды интеллект, үлкен деректер мен платформалық экономика – экономикалық өсудің басты факторына айналды. Бұл технологияларды дамытпай, Қазақстанның жаһандық бәсекеде алдыңғы қатарға шығуы қиын болатыны анық. Жаңа министрлік осы процестерді бір орталықтан үйлестіріп, стратегиялық бағыттарды айқындап, мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ министрлікті Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы мемлекет басшысының бұл салаға ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді. Бұл еліміздің цифрлық егемендігін нығайтып, технологиялық тәуелсіздігін арттыруға арналған нақты әрі батыл қадам деп айтуға болады.
Жаңа ведомствоның құрылуы еліміздің цифрлық трансформациясына қандай перспективалар ашады?
– Ең алдымен, жаңа министрліктің құрылуы мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Цифрлық шешімдер арқылы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарып, олар барынша қолжетімді бола түседі. Екіншіден, жасанды интеллектті денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салаларға енгізу ел экономикасының өнімділігін арттырады. Үшіншіден, бұл қадам жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады: жаңа мамандықтар пайда болып, IT-саладағы кадрлардың жаңа буыны қалыптасады. Президент атап өткендей, «Цифрлық кодекстің» қабылдануы мен жаңа министрліктің жұмысы Қазақстанды жаңа технологиялық дәуірге шығарады. Бұл еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп қана қоймай, қазақстандықтардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға да зор ықпал етеді.