Ескі машинаның көбі — Алматы облысында

17 қыркүйек 2024 14:00 / Новости Казахстана
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Шілде айында 156,8 мың автокөлік есепке қойылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4% кем. Осылайша 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 5 545,2 мың болды, оның ішінде 88% — жеңіл автомобиль, 9,9% — жүк автомобиль, 2,1% — автобус, - деп хабарлайды Arbat.media.

Тіркелген жеңіл автомобильдердің жалпы санында шығарылған жылы бойынша 20 жылдан асқандар үлесі — 44,2%, 10-20 жыл арасында — 23,5%, 7-10 жыл болғандар — 12,3%, 3 жылдан асқан бірақ 7 жылдан кемдер — 13,6% және шыққан жылы 3 жылдан төмен көліктер үлесі — 6,2%, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Шығарылған жылы 20 жылдан асқан жеңіл автомобильдердің ең көбі Алматы облысында — 324,9 мың, Алматы қаласында — 189,6 мың, Жамбыл облысында — 169,4 мың, Қарағанды облысында — 162,7 мың және Шығыс Қазақстан облысында — 153,8 мың.

Пайдаланатын отын түрі бойынша көліктің 81,9% бензинмен, 7,5% — аралас отынмен жүреді, дизель отынымен қозғалатындар үлесі — 7,1%, газ баллонымен жүретін автомобильдің үлесі 0,2% құрады, тағы 0,2% көлік электр қуаты есебінен қозғалады.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тоқ күшінің көмегімен қозғалатын жеңіл автомобиль саны 2,3 есе — 4 670-тен 10 674-ке дейін өскен.

Электромобильдердің ең көбі Алматы қаласында — 6275, Астана қаласында — 1351 және Алматы облысында — 522.

Серіктес жаңалықтары