Кәрім Мәсімов ісі Жоғарғы сотқа жетті ме
Жоғарғы сотқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі кассациялық тәртіппен түспеді және өндірісте жоқ, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл жайында аталған ведомствоның Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтылған.
Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың қаңтарында К.Мәсімовтің үстінен мемлекетке опасыздық жасау фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғаны мәлім болды.
Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан 6 қаңтарда босатылып, 8 қаңтар күнгі тұтқынға алынды және тергеу изоляторына қамалды.
Кәрім Мәсімовке қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған болатын. Бас прокурор Берік Асылов атап өткендей, тәртіпсіздік кезінде Мәсімовтің тапсырмасы бойынша ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орнын тастап кеткен.
2022 жылдың тамыз айының соңында ҰҚК-ның бұрынғы басшысы мен оның орынбасарлары мемлекеттік опасыздық жасауға, билікті күшпен басым алуға тырысуға, билік пен лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалануға кінәлі деп танылды.
Ал Мәсімовтің ісі «аса құпия» белгісімен өтті.
Кәрім Мәсімовтің мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқынан өмір бойына айыру арқылы 18 жылға сотталды.
Ол үкімге шағым түсірді.
2023 жылдың маусымында астаналық сот үкімнің тұтқынды қамауда ұстау бөлігін ғана жұмсартты.
2023 жылдың қарашасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform агенттігіне К.Мәсімовке қатысты ҚК 218-бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» және 366-бабы «Аса ірі көлемде пара алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді.
Сол себепті қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын жүргізу мақсатында Астана қаласы ҰҚК тергеу изоляторында отыр.