5G-ге қалай қосылуға болады?
Елімізде 5G мобильді байланысы 2022 жылы іске қосылған. Алайда ол кейбір қалаларда ғана бар. Дегенмен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі уәде бергендей, келесі жылдың соңына дейін жаңа байланыс желісі елдің барлық облыс орталығында пайда болады. Оған дейін 5G-дің ерекшеліктері мен отандық операторлардың қандай мүмкіндіктер ұсынатынын қарастырайық. 5G-ге өту үшін смартфонды ауыстыру қажет пе? Жаңа желіге қалай қосылуға болады? 5G интернеті қай жерлерде жұмыс істейтінін қалай тексеруге болады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
5G байланысы – ұялы байланыс технологиясының бесінші буыны, қазіргі уақыттағы ең жылдам байланыс желісі. Бұл технология секундына 10 гигабитке дейінгі жылдамдыққа жетіп, деректерді 4G-мен салыстырғанда жүз есе тез жібере алады. Сонымен қатар 5G деректер алмасу уақытын барынша қысқартады, бұл нақты уақыттағы қолданбалар үшін өте маңызды. Ұялы байланыстың бесінші буыны бір шаршы шақырым аумақта миллион құрылғыға дейін қосуға мүмкіндік береді. Ол виртуалды шынайылық, жасанды интеллект, заттар интернеті, автопилотты көліктер мен ақылды қалалар сияқты жаңа салаларды дамытуға мүмкіндік жасап, заманауи байланыс инфрақұрылымының негізін қалыптастырады.
5G байланысының басты артықшылығының бірі – оның сенімділігі мен тұрақтылығы. Мысалы, адам көп жиналған жерлерде немесе табиғи апаттар кезінде желіге ауыр жүктеме түскенде жоғары сапалы байланысты қамтамасыз ете алады. 5G технологиясы логистика мен тасымалдау саласында да үлкен артықшылыққа ие. Бұл жүйе жеткізу үдерістерін нақты уақыт режімінде бақылауға және көліктерді автоматтандырылған түрде басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 5G желілері өнеркәсіптік өндірісті автоматтандыруға жол ашады. Өндірістік роботтар мен жабдықтарды синхрондау, қашықтан басқару, ақауларды жылдам анықтау мүмкіндігі артады. Бұл шығындарды азайтады. Құрылыс саласында да 5G арқылы құрылыс алаңдарын бақылау үдерістері жеңілдейді. Сонымен қатар табиғи ресурстарды өндіру саласында 5G деректерді жылдам жинау мен талдау арқылы өндіріс көлемін арттыруға көмектеседі. Ал білім беру саласында интерактивті платформаларды, виртуалды экскурсияларды, симуляторларды қолдану мүмкіндігі пайда болады.
5G қайда бар?
Елімізде 5G байланысын «Tele2», «Altel», «Activ», «Kcell», «FMobile» операторлары ұсынады. Осы тұста «FMobile» операторын ерекше атап өтуге болады. Ол – виртуалды оператор. 5G желісіне «eSim» арқылы қосылады. Ал байланыс операторларының арасында «Beeline»-да 5G жоқ. Компанияның бас директоры Евгений Настрадиннің айтуынша, 5G-ді енгізу үлкен инвестицияны талап етеді әрі технологияны тиімді монетизациялау үшін нақты сұранысты анықтау қажет. «Әзірге компания үшін 4G желісін жақсартуға басымдық беріп, технологияны барлық пайдаланушыларға қолжетімді ету маңыздырақ. 5G-ді дамытудың басты мәселелерінің бірі – жоғары жиіліктегі базалық стансаларды салу қажеттілігі. Бұл қосымша шығындарды қажет етеді», дейді ол.
«Activ» және «Kcell» желілері 5G байланысының базалық стансасын Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал қалаларында салып жатса, «Tele2» мен «Altel» желілері Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Жезқазған, Павлодар, Петропавл, Семей, Түркістан, Тараз, Орал, Өскемен қалаларын қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатыр. Аталған операторлар қазіргі уақытта 1144 базалық станса орнатқан. 2025 жылға дейін елдің барлық ірі қалаларында 5G байланысы толықтай іске қосылады деп жоспарланған. Ұялы байланыс операторлары бұл технологияны енгізуге миллиардтаған теңге инвестиция құйып жатыр.
5G-ді пайдалану үшін SIM-картаны немесе тарифті ауыстырудың қажеті жоқ. Бірақ құрылғының 5G технологияны қабылдауы маңызды. 2020 жылдан бастап шығарылған смартфондардың көпшілігі 5G-ге қосыла алады. Алайда кейбір арзан модельдерде бұл қызмет түрі болмауы мүмкін.
5G-ді қолдайтын смартфондар тізімі
Apple: iPhone 12, 12 mini, 12 Pro, 12 Pro Max, 13, 14, iPhone SE 3-буыны, iPhone 15, 16 сериясы.
Samsung: Galaxy S20, S21, S22, S23, Galaxy Note 20, Note 20 Ultra, Galaxy Z Fold, Flip 5G, Galaxy A52 5G, A32 5G.
Xiaomi: Mi 10, Mi 11, Mi 11 Ultra, Mi 12, Redmi Note 10 5G, Redmi Note 11 Pro 5G, Poco M3 Pro 5G, Poco F3.
OnePlus: OnePlus 8, 8 Pro, 9, 9 Pro, Nord N10 5G, Nord N200 5G, OnePlus 10 және 11.
Google: Pixel 5, Pixel 6, Pixel 6a, Pixel 7, Pixel 8 сериялары,
Huawei: P40, Mate 40, Mate Xs және жаңа Nova, P сериялары
Oppo: Oppo Find X2, X3, X5, Reno сериясының кейбір модельдері.
Егер смартфоныңыз 5G-ге қосылатын құрылғылар тізімінде болмаса, алдымен оның бағдарламалық қамтамасыз етудің соңғы нұсқасына жаңартылғанына көз жеткізіңіз. Кейде жаңартудан кейін құрылғы 5G-ге қосыла алады. Сондай-ақ телефоныңыздың желі параметрлерін тексеріп, 5G опциясын таңдап қосуға болады. Егер бұл параметрлер жоқ болса, смартфонды 5G желісіне қосу мүмкін емес. Одан бөлек, смартфонның 5G-ге қосылатынын тексеру үшін, ұялы операторға хабарласып, аймақтағы 5G желісінің қолжетімділігін анықтау қажет. Әр оператордың өз желісіне қосылатын құрылғыларға арналған арнайы параметрлері болуы мүмкін. Мысалы, «Beeline» немесе «Kcell/Tele2» сынды операторлардың әрқайсысының смартфонға арналған арнайы пәрмендері бар, сол арқылы желіге қосылу мүмкіндігін тексеруге болады.