Яссауи кесенесін енді полиция күзетеді
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары9 қараша 2024, 14:00

Яссауи кесенесін енді полиция күзетеді

Премьер-министр қаулысымен келер жылдан бастап Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді. Бұл кесене күзетіне бөлінетін қаражатты қаншалықты үнемдейді? Жалпы, 2023 жылы күзет қызметіне республикалық бюджеттен 8 434 000 теңге қаржы қаралған. Ал сол жылы күзет қызметімен 10 897 262 теңгеге келісімшарт жасалып, қаржы төленген. Оның ішінде «ӘділетGroupSecurity» ЖШС-не — 1 897 280 теңге, «Семсер» күзет агенттігі» ЖШС-не — 8 999 982 теңге аударылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Биыл күзет қызметіне республикалық бюджеттен 8 375 232 теңге қаржы қаралған. Мекемелермен 15 363 838 теңгеге келісімшарт жасалып, қаржысы да төленіп жатыр, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

Оның ішінде «Imperial Security KZ» ЖШС-не — 5 384 638 теңге, «Іскер» күзет агенттігі» ЖШС-не — 9 979 200 теңге.

— 2025 жылы күзет қызметіне қаралған қаржы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің келісімімен жұмсалады. Себебі ішкі істер органдарының бақылауына өтпеген басқа да нысандар бар. Олар — Қожа Ахмет Яссауи музейі, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының әкімшілік кеңсесі (бұрынғы Сапар орталығы), ХІХ ғасырдағы Гарнизон штабы ғимараты, Гаухар ана кесенесінің аумағы, Үкаша ата кесенесінің аумағы, — делінген «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директоры Мәулен Садықбеков ұсынған ақпаратта.

 

полиция Күзет Яссауи кесенесі

Тақырыпқа жаңалықтар