Қазақстан жаңалықтары12 наурыз 2024, 19:15

Патронат ата-ана 4 балаға құл ретінде мал баққызып келген

Ұлытау облысында патронат ата-ана 4 балаға құл ретінде мал баққызып келген.  Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Сенатта өтіп жатқан дөңгелек үстелде патронаттық тәрбиеге алынған балалардың жағдайын қадағалайтын органдардың жұмысын сынады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметіне де қатысты мәселелер бар», - деген комитет басшысы ол сөзіне нақты мысал келтірді.

«Биылдың өзінде Ұлытау облысының қыстауында Жезқазған қаласынан 30 шақырым жерде зорлық-зомбылық пен жаза қолдану арқылы балаларға мал баққызу фактісі анықталды. Бұл балалар 2018 жылдың қаңтарына дейін қиын өмірлік жағдайдағы қолдау орталығында болған. Оларды патронат ата-аналар алып кеткен. Жалпы айтқанда, 4 баланы алып кетіп, оларға құл ретінде мал бақтырып отырған ғой. Оған ешкім қарамаған. Балалар патронаттық тәрбиеде болған 6 жылдың ішінде бұл отбасыны қорғаншылық және қамқоршылық бөлімдері тексермеген. Бұл ретте патронат баланы тәрбиелеу мен күтіп бағуды бақылауды қорғаншылық және қамқоршылық органдары 6 айда кемінде бір рет тексеру керек еді. Бұл Оқу-ағарту министрлігі тарапынан ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне бақылау жоқтығын көрсетеді», - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Ұлытау облысы патронат мал бағу Балалар

Тақырыпқа жаңалықтар