Қазақстан жаңалықтары4 қаңтар 2024, 13:00

Қаңтар оқиғасы кезінде жергілікті билік дәрменсіздік танытты - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел газеті Egemen Qazaqstan газетіне берген кең көлемді сұхбатында Қаңтар оқиғасы кезінде жергілікті билік пен ҰҚШҰ атқарған жұмыстарды саралап берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қаңтар оқиғасы болғалы тура 2 жыл уақыт өтті. Осы тұста мемелекет басшысы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлына берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында сол бір алмағайып шақта ҰҚШҰ-дан көмек сұрау қаншалықты дұрыс болғанын, осы әрекеттің көрші Ресей елінде Қазақстанды орыс халқы құтқарып қалды деп айтылып жүрген пікірге жауап берді. 

«Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік. Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы сауалға жауап бере келе ҰҚШҰ ұйымы лаңкестерге қарсы операция қатыспағанын, қақтығыс кезінде бірде-бір оқ атпағанын баса айтты.

«ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды», деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы Сұхбат Егемен Қазақстан

Тақырыпқа жаңалықтар