Қазақ каскадерлері Ридли Скоттың фильміне түсті

25 қараша 2023 18:18 / Новости Казахстана

Қазақстандық каскадерлер Ридли Скоттың атақты тарихи фильмінде түрлі трюктерді орындап, тағы бір белесті бағындырды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform жариялады.

Үш күн бұрын аты аңызға айналған режиссер Ридли Скоттың «Наполеон» фильмі прокатқа шықты.

Аталған фильмді түсіруге қазақстандық Nomad Stunts каскадерлері де атсалысқан. Бұл жайлы ұйым өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Қоржынымызды толықтыратын тағы бір жоба!» деп сүйінші сұрады каскадерлер.

Nomad Stunts жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Күнғожиновтың айтуынша, оларды бұл жобаға трюк қоюшы Ник Пауэл ұсынған. Ол қазақстандық жігіттермен Үндістандағы фильм түсірілімінде бірге жұмыс істеген еді. 

Бұл жобада каскадерлердің бірі Мұрат Елкенов актер ретінде де өнер көрсетті. Оның рөлін Ридли Скоттың өзі белгілеп берген. 

Қазақстандықтар фильмде казактардың рөлінде бой көрсеткен.  

«Наполеон» — режиссер және продюсер Ридли Скоттың Дэвид Скарпа сценариі желісімен түсірілген эпикалық тарихи фильмі. Наполеон Бонапарттың билікке келуі және әйелі Джозефинамен арақатынасы жайында баяндайды.

Наполеонды Хоакин Феникс (әрі продюсер), ал Жозефинаның рөлін Ванесса Кирби сомдайды.

Түсірілім өткен жылдың қаңтарында басталды. 

«Nomad Stunts» каскадерлері «Disney» түсірген «Мулан», Netflix-тің «Томирис», «Марко Поло», «Корольге хат», «Әмір Темір», Киану Ривз басты рөлде ойнаған «47 ронин», «Неудержимые 2», «Рэкетир 2», «Анаға жол», «Шал» сынды фильмдерге қатысқан.

Олар сондай-ақ HBO мен Apple TV+ сервистері және Universal студияларымен жұмыс жасайды.

Топты 2000 жылы трюк қоюшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов құрған болатын.

Nomad Stunts жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов бұған дейін «Томирис» фильміндегі трюктер үшін «Таурус» сыйлығын жеңіп алған еді.

Фотолар: Nomad Stunts/Facebook

 

Серіктес жаңалықтары