Қазақстанда қатерлі ісікті емдеуге арналған тағы екі препарат шығарылады

19 қазан 2024 10:00 / Новости Казахстана
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы Ядролық физика институтымен бірлесіп, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін ядролық медицинаның жаңа технологияларын енгізуді бастады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Біздің қазақстандықтар атом энергетикасы десе, бірден АЭС-ті еске түсіреді. Ал шындығында атом энергиясы күнделікті қолданылатын көптеген салада қажет. Телефондағы микрочиптер ядролық технологиясыз жасалмайды, бөлмеде жанып тұрған жарықтың ток өткізгіші де радиациялық өңдеуден өтеді. Қазақстанда әр қалада кәріз суы жиналады, радиациялық өңдеу арқылы сол суды қайта өңдеп шығаруға болады. Сол секілді атом энергиясы саласының тағы бір маңызды бағыты – онкологиялық ауруларды емдеу және диагностикалау», - деді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында өткен брифингте, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Өз кезегінде С.Сахиев биыл қандай препараттар шығаруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

«Біздің институт тек іргелі және қолданбалы ғылыммен айналысумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар онкологиялық дерттерді емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттар өндірісі де бар. Жыл соңына дейін шығарылатын радиофармпрепараттар тізімін кеңейтіп, Самарий-225 және Лютеций-177 препараттарын шығаруды көздеп отырмыз», - деді С.Сахиев.

ҚР ДСМ Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, ҚР ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова әлемдік медицина ғылымы тераностика бағытына қадам жасағанын, Қазақстан да басқа елдерден қалыспайтынын айтты.

«Тераностика» термині терапия және диагностика деген халықаралық екі сөзден тұрады. Яғни, біз изотоппен дертті ерте бастан диагностикалап қана қоймай, емдей алатынымызды білдіреді. Мұндай дәрінің басты ерекшелігі – дәл жеткізу моделі. Яғни, ол обыр клеткаларына тән молекулаларды танып, емдік және диагностикалық агентті зардап шеккен жасушаларға дәл жеткізе алады», - деп атап өтті Айгүл Сәдуақасова.

Қазіргі уақытта Ядролық медицина орталығы аясында осындай радиофармацевтикалық препараттардың көмегімен онкологиялық аурулардың диагностикасы ғана жүріп жатыр.

«Бұл технологиялар – онкологияны емдеудің жаңа белесі, ол науқастарға, жалпы еліміздің денсаулық сақтау саласына қажет. ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында Қазақстандағы ең озық Ядролық медицина орталығына бар, сондықтан біз тераностика технологияларын енгізіп, бейімдей бастаймыз, - деді Ядролық медицина орталығы басшысы.

А.Сәдуақасованың айтуынша, тераностика технологияларын дамыту және бейімдеу 2024-2030 жылдарға арналған Атом энергетикасы мен ядролық медицинаны дамыту жөніндегі Жол картасына енді. Бұл құжат ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ядролық физиканы (радиохимияны) дамыту жөніндегі кеңес жұмысы шеңберінде іске асырылады.

«Келесі жылы біз радиоэмболизацияны енгізгіміз келеді. Радиоэмболизация – бауыр артериясы арқылы изотоптарды бауырдың ісік тініне оның сау бөлігіне әсер етпей, ағзаға уытты әсер жасамай енгізу. Бұл әдіс изотоптарды аз қолдану арқылы ісіктің өзін некротизациялауға мүмкіндік береді. Яғни, онкологияда химиясыз және сәулелік әсерсіз емдеудің балама жолы пайда болады», - дейді маман.

Аталған Жол картасы аясында Медорталық ауруханасында Ядролық медицина мәселелері бойынша құзыреттер орталығын ашу жоспарланған. Ауруханадағы құзыреттер орталығы жаңа радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды қолданып, ядролық медицинаның (тераностиканың) заманауи әдістерін әзірлеуге және тестілеуге мүмкіндік береді.

«Осылайша, ауруханадағы Ядролық медицина орталығының онкологиялық ауруларды диагностикалап, радиомаркерлерді пайдаланып, метаболикалық зерттеу жүргізуі үшін жаңа маркерлер енгізудегі жетістіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауруды ерте бастан анықтауға, оның сипаттамаларын да ерте әрі дәл табуға жол ашылады. Бұл науқастарды емдеу ісінде аса маңызды», - дейді А.Сәдуақасова.

Серіктес жаңалықтары