Қазақстан жаңалықтары27 наурыз 2024, 13:52

СҚО-ның бес ауданында ірі қара малдан бруцеллез анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында республикалық эпизоотиялық комиссия жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі Ленинское елдімекенінде былтырдан бері бруцеллез ауруы тыйылмай тұр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

СҚО ветеринария басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданындағы Шалқар елді мекенінде «Юлия» шаруа қожалығында және Тимирязев ауданы Докучаево елді мекеніндегі «Атамекен-Агро Тимирязево» ЖШС-де бір-бір малдан бруцеллез анықталған. Тағы бес ауру ірі қара мал Қызылжар ауданы Плоское елді мекеніндегі екі тұрғынның қорасынан табылды. Аққайың ауданы Ленинское елді мекенінде де бір малдан бруцеллез анықталды.

«Соңғысы 25 наурыз күні Ақжар ауданы Талшық елді мекенінде анықталды. Ауруды жұқтырған ірі қараның барлығының көзі жойылды. Енді әр 15-20 күн сайын ауру мал анықталған шаруашылықтардан немесе қорадағы малдан бруцеллезге ПЦР алынып, тексеріледі. Талдау нәтижесі екі мәрте теріс келген жағдайда шектеу шаралары қолданылмайды», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Шектеу шаралары енгізілген жағдайда елді мекеннен малды, мал өнімдерін шығаруға тыйым салынады.

«Бұл аудандардың ішінде қазір тек Аққайың ауданы Ленинское елді мекенінде ғана шектеу шаралары бар. Бұл елді мекенде ауру мал алғаш рет былтыр 4 шілде күні анықталған. Содан бері шектеу алынған жоқ, өйткені, ПЦР қайта-қайта аурудың барлығын көрсетіп жатыр. Қазір бұл жерде республикалық эпизоотиялық комиссия жұмыс істеп жатыр», - дейді Аманжол Нұртазин.

Басқарманың мәліметінше, былтыр 272 ірі қара малдан және 2 қой-ешкіден бруцеллез табылып, ауру малдың көзі жойылды.

 

Бруцеллез СҚО

Тақырыпқа жаңалықтар