«Талақ» фильмі Шанхай кинофестивалінде бас жүлде алды
26-шы халықаралық Шанхай кинофестивалінің (SIFF) «Алтын кубогымен» марапаттау рәсімінде «Үздік фильм» номинациясын қазақстандық «Талақ» фильмі жеңіп алды. Ал картинада басты рөлді сомдаған Амира Омарова үздік актриса деп танылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Толықметражды көркем фильмдер бөліміне режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі 2024 жылғы кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына кірді. Яғни Шанхай кинофестивалінде тұсауы кесілді.
Қазақстан, Ресей және Италия бірлесіп түсірген Малика Махамеджанның «Бір күннен де көп» атты тағы бір фильм «Жаңа Азия таланттары» бағдарламасында і көрсетіліп, оның да түсаукесері болды.
105 ел мен аймақтан 3,7 мыңнан астам өтінім байқауға түсіп, 29 ел мен аймақтан 50 фильм бес номинация бойынша «Алтын кубок» жүлдесіне таңдалған.
14 фильм, оның ішінде қазақстандық «Талақ» фильмі де «толық метражды көркем фильмдер» аталымы бойынша бас жүлдеге бақ сынады.
Айта кетсек, Шанхай халықаралық кинофестивалі 1993 жылдан бері өткізіліп келеді.