Бішкекте ШЫҰ мүше мемлекеттер басшыларының XXII отырысы өтіп жатыр
Бішкектегі «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Қырғыз Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің XXII жиыны өтіп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Жиын басталмас бұрын делегация басшыларының амандасу және суретке түсу рәсімі болды. Содан кейін резиденция конгресс-холында қатысушылар Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровпен кездеседі. Ары қарай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген отырысы басталады.
Жиынға Беларусь Республикасының премьер-министрі Роман Головченко, Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қырғыз Республикасы президент әкімшілігінің жетекшісі – министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің премьері Ли Цян, Моңғолия премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Республикасының премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гелдимырадов, Үндістан Республикасы Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар және Пәкістан Ислам Республикасы Сыртқы істер министрі Джалил Аббас Джилани қатысып жатыр.
Кездесу барысында ұйымға мүше елдер арасындағы ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынасты нығайтуға қатысты өзекті мәселелер қаралып, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салада бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланған.
Қазіргі уақытта ШЫҰ құрамына түрлі дәрежеде кіретін мемлекеттер:
9 мүше мемлекет – Үндістан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы.
3 ел ШЫҰ жанындағы бақылаушы ел дәрежесіне ие – Ауғанстан Ислам Республикасы, Беларусь Республикасы, Моңғолия. 2022 жылы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының Самарқандағы Саммитінде Беларусь Республикасының дәрежесін мүше мемлекетке дейін көтеру процесі басталды.
14 мемлекет ШЫҰ диалогі бойынша серіктес – Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Бахрейн Корольдігі, Египет Араб Республикасы, Камбоджа Корольдігі, Қатар Мемлекеті, Кувейт Мемлекеті, Мальдив Республикасы, Мьянма Одағы Республикасы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабия Корольдігі, Түрік Республикасы, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы.
26 қазанда Қырғызстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Еуразиялық үкіметаралық кеңес басшылары жиыны өткенін еске сала кетейік.
Қырғызстан астанасында ресми іс-шаралар өтіп жатқан кезде 4 мыңға жуық тәртіп сақшысы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр. Бішкектегі оқу орындарының бәрі онлайн-форматқа ауысты.