Өзбекстан Сенаты Қазақстанмен одақтастық қатынас туралы шартты ратификациялады
Өзбекстан Олий Мәжілісінің Сенаты Қазақстанмен одақтастық қатынас туралы шартты ратификациялайтын заңды мақұлдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жариялады.
Өзбекстан Сенатының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, 25 қарашада өткен кезекті жалпы отырыс шеңберінде «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар жөніндегі шартты ратификациялау» туралы заң қаралған.
Талқылау барысында сенаторлар Өзбекстан мен Қазақстанның жақын көршілер екенін және ұзақ уақыт бойы стратегиялық әріптес болып келе жатқанын атап өтті.
Соңғы жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірі басталды.
Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы байланыс қарқынды дамып келеді.
Мақұлданған шарт сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, көші-қон, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде бірлескен шаралар қабылдау, парламенттер, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған өзара іс-қимылдар кешенін қамтиды.
«Шартты ратификациялау екі халықтың рухани және мәдени жақындығын нығайтуға, мәдениет, ғылым, білім және спорт саласындағы өзара қарым-қатынастарды ілгерілетуге қызмет етеді», - делінген Сенаттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.