Placeholder Қырғызстанда жала жапқаны және қорлағаны үшін айыппұл салынуы мүмкін
Фото: aa.com.tr
aa.com.tr
Еуразия24 қазан 2024, 10:34

Қырғызстанда жала жапқаны және қорлағаны үшін айыппұл салынуы мүмкін

Жогорку Кенеш депутаттары «Қырғыз Республикасының құқықбұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Заң жобасында ақпарат құралдарында және интернетте қорлау немесе жала жабу үшін жоғары көлемде айыппұл салу қарастырылған. Заң жобасына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет сайттарында қорлау немесе жала жабу үшін жеке тұлғаларға 1000 есептік көрсеткіш (100 мың сом), ал заңды тұлғаларға 2000 есептік көрсеткіш (200 мың сом) көлемінде айыппұл салынады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Құжатқа сәйкес, құқықбұзушылық істерін қарау және жаза тағайындауды БАҚ саласындағы уәкілетті орган жүргізеді, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

Талқылау барысында депутат Дастан Бекешев айыппұл мөлшерінің тым жоғары екенін атап өтіп, заң жобасына қарсы шықты және әріптестерін құжатқа қарсы дауыс беруге шақырды. Депутат Эльвира Сурбалдиеваның пікірінше, жала жабу мен қорлау үшін салынатын айыппұл мөлшері халықтың кіріс деңгейіне сәйкес келмейді. Ал Жанарбек Акаев құқықбұзушылықтарды бағалауды мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі емес, сот органдары жүргізуі керек екенін айтуда.

Депутат Миргүл Темірбаева заң жобасының тұжырымдамасын қолдап, оны іске асыру механизмдерін әзірлеу қажеттігін жеткізді. Ал Камила Талиева сөз бостандығының маңыздылығын атап өтіп, кейде БАҚ пен интернеттегі негізсіз жала адамның өмір бойы жинаған абыройы мен беделін жоғалтуына алып келетінін, әркім өз сөзіне жауапты болуы керектігін айтты.

Нәтижесінде тіркелген 80 депутаттың 63-і құжатты қолдап дауыс берді, ал 6-уы қарсы болды.

Қырғызстан жала жабу қорлау Айыппұл

Тақырыпқа жаңалықтар