Студент курстас қызды ноутбукпен ұрып өлтірді
Өзбекстанның Бұхара қаласында оқыс оқиға болып, медицина университетінде білім алып жүрген 22 жастағы үндістандық студент қыз жанжалдан кейін алған ауыр жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 3 шілде күні болған. Екеуі арасында туындаған жанжал кезінде 23 жастағы курстасы қыздың басынан ноутбукпен ұрған. Зардап шеккен студент ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Мамандар өлімге ішкі қан кету себеп болғанын хабарлады.
Қаза тапқан студенттің есімі Савария екені белгілі. Ол Үндістанның Керала штатындағы Алаппужа ауданынан шыққан және Бұхара мемлекеттік медицина институтында оқыған. Ал күдікті Садарул Анам да Үндістан азаматы әрі сол оқу орнында білім алған. Оны Өзбекстанның құқық қорғау органдары оқиға болған күні-ақ ұстаған. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Үндістандық БАҚ мәліметінше, марқұмның денесі алдымен Нью-Делиге жеткізіліп, кейін туған жері Керала штатына жөнелтілген. Қыздың мәйітін елге қайтаруды оның нағашы ағасы ұйымдастырған. Ал Кувейтте жұмыс істейтін әкесі виза мәселесіне байланысты Өзбекстанға бара алмаған.