Анналена Бербок: Украина жақын болашақта Еуроодақтың бір бөлігі болады
Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок Украинаның жақын болашақта Еуроодақтың бір бөлігі болатынын айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Украинаның жақын болашақта ЕО-ны нығайта түсетіні анық. Украинаның Еуропалық Одаққа қосылуы біздің геосаяси мүдделерімізге жауап береді. Сондықтан біз Украинаға қолдауымызды жалғастырып қана қоймай, оны арттырамыз», - деді Бербок Карлсруэдегі Жасылдар партиясының конференциясында.
Бұған дейін Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен кездесуден кейін ЕО Украинаны «қажет болғанша» қолдайтынын айтқан.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде 30 мыңға жуық украиналық әскери қызметкер Еуропалық Одақ елдерінде дайындықтан өткен.
Сонымен қатар, Урсула фон дер Ляйен Еуропалық Одақ жақын арада Украинаға көмектесу үшін Ресей Федерациясының тыйым салынған активтерін пайдалану жоспарын ұсынатынын атап өтті.